Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Дәстүрлі құндылықтар керуені» атты жиын Кентау қаласында өтті. Жиынның мақсаты еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, деструктивті діни ағымдардың іс-әрекеттерін алдын алу және қоғамда деструктивті идеологияға иммунитет қалыптастыру.
Дәстүрлі құндылықтар керуені «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бастау алып, республикалық жобаға енгізіліп, 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Қайрат Абуов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы-теолог, ғалым Арман Қуанышбаев, спорт шебері, самбо спорт түрінен 6 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының профессоры Абдисадық Халилаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Алдараспан» театрының актеры Шәкен Амантұров және ардагерлер, әжелер, аналар кеңесі, ауыл билері, мекеме қызметкерлері мен жастар, жалпы Кентау қаласының тұрғындары қатысты.
Модератор Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің директоры Қанат Бекметов болды.
Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дін мен дәстүр ажырамас құндылықтар, халық қазынасы, біздің ұлттық болмысымыз.