Түркістанда қолөнер шеберлерінің орталығы ашылмақ

32

Түркістан қаласын халықаралық талапқа сай қолөнер орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар басталды. Оның алғышарты ретінде шаһарда «Қолөнершілер орталығы» салынып жатыр. Алдағы уақытта Түркістанның брендіне айналатын бұйымдар шығарылып, нарыққа енеді деп күтілуде.

Түркістанда қолөнер шеберлерінің орталығы ашылмақ. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше, бұл бастама қолөнершілерді бір алаңға шоғырландырып қана қоймай, киелі шаһарға туристерді тартпақ.

Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы:
«Дәстүрлі қолөнершілерді зерттеу, талдау жұмыстарының нәтижесімен Түркістан қаласындағы «Қолөнер орталығында» «Qazaq-Oner» шеберлер орталығын құру көзделген. Шеберлер орталығы шоу-рум, шеберханалар мен фото аймақтарды қамтиды. Қолөнер шеберлері тек өнім дайындаумен айналысады. Өнімдерді сату шоу-румда арнайы жауапты адамдармен жүзеге асырылады. Өнімдерді сату мақсатында арнайы мамандармен маркетингтік жоспарлар әзірленеді. Бұл бастама қолөнер саласының дамуына ықпал етеді және қолөнершілердің кәсібін өркендетуге жағдай жасайды деп күтіліп отыр»

Орталықта Түркістанның брендіне айналатын бұйымдар шығарылып, нарыққа енеді деп күтілуде. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін сала мамандарымен кеңес өткізді. Жиында шаһарды халықаралық талапқа сай қолөнер орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қолөнерді дамытуға өз тарапымнан, әкімдік тарапымнан толық қолдау көрсетіледі. Өнім шығаруға қажетті құрылғыларды алып беруге де дайынбыз. Бірақ бізге нақты жоспар қажет. Қолөнершілер де өздеріне міндеттеме алып, қанша бұйым шығаратынын жоспарлаулары тиіс. Шеберлерімізді тәжірибе жинап, үйренулері үшін шетелге, еліміздің өзге өңірлеріне жіберген жөн. Шетелдегі қандастарымыздың арасындағы қолөнер шеберлерін де арнайы шақырып, қолдау көрсетуге ниеттіміз. Қазақтың мәдениеті, Түркістанның тарихы қолөнері арқылы да дәріптеліп, туризм мен мәдениет саласының бір бөлігіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етуі керек деп есептеймін»

Кездесуде Алматы мен облыс аумақтарынан арнайы келген қолөнер шеберлері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Өнердің осы саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде өңірде 144 қолөнерші қызмет атқарады.