Қала әкімі тұрғындармен бірге баскетбол ойнады

30
фото ОТЫРАР

Шымкентте халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мәселен күні кеше қалада үш бірдей саябақ ел игілігіне берілді. Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков қоғамдық орындардың ашылу салтанатына қатысып, тұрғындармен жүздесті. 

Шымкентте бір күнде 3 бірдей саябақ ел игілігіне берілді. Демалыс орындарының барлығы Әл-Фараби ауданында орналасқан. Соның бірі — Есіл және Камал көшелерінің арасындағы 50 соттық жерді алып жатқан мына гүлзар.

Жаңа саябаққа алғашқылардың бірі болып келгендер қатарында Динара Жылымбаева да бар. Көпбалалы ана бұрын қараусыз жатқан бұл орында қазір балаларымыз қуанып ойнап жүр дейді.

Динара Жылымбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұрын мына жерде ешқандай балалар ойнайтын алаң болмайтын. Жай ғана ағаштар, жапырақтар болып жататын еді. Қазіргі таңда мынадай ойын алаңын жасап берді. Көп рақмет. Балаларымыз қуанып ойнап жүр»

Ұлт саулығын жақсарту мақсатында саябаққа ойын және спорт алаңшалары, 3 әткеншек, 2 теннис және 1 шахмат үстелі орнатылған. Сондай-ақ, 200 шаршы метрді құрайтын заманауи баскетбол алаңшасы да бар. Жаңа демалыс орнын халыққа табыстауға келген қала әкімі тұрғындармен бірге баскетбол ойнады.

Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «12 қараша күні Әл-Фараби ауданында 3 саябақ пайдалануға беріліп отыр. Келесі гүлзар — Кең бабаның жанында, Диваев көшесінің бойында 31 соттыққа соғылған саябақ. Сосын Жандосов көшесіндегі үлкен гүлзардың да ашылуын тамашалайсыздар»

Пайдалануға берілген келесі саябақ Диваев көшесінде орналасқан. Демалыс орнында шынар, гуджу, каштан көшеттері мен көпжылдық сәндік гүлдер отырғызылған. Сонымен қатар, 2 әткеншек, 2 теннис және 1 шахмат үстелі де орнатылған. Мәрмәрдан жасалған орындықтар, жарықшам бағаналары мен декоративті тастар да гүлзар сәнін келтіріп тұр. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына 2 велотұрақ, ауызсу бұрқағы және фотоаймақ жасалған.

Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы саябақ та пайдалануға берілді. Серуендеу орнында ескі субұрқақ пен көпір күрделі жөндеуден өтіп, канал аумағы толық қоршалды. Мұнда қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін тегін автотұрақ салынып, 764 шаршы метр аяқжол төселді.

Данияр Аташев, мердігер компания өкілі: «Жандосов саябағында 50-ден астам тал егілді. Өзіміздің Шымкенттегі жергілікті талдарды ектік. Тез өседі әрі көлеңке болады деп. 1500-2000 ш/м көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сосын фонтанға реконструкция жасадық. Мрамордан жасалған орындықтар, шахмат үстелдерді мен теннис үстелдері де өте сапалы материалдар жасалған. Орындықтар да Шымкенттің ыстығына қолайлы болсын деп дем алатын ағаштан жасалған. Мұның барлығы жаңа үлгідегі архитектуралық формалар»

Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзарлардың қала тұрғындары үшін қолайлы орынға айналарына сенемін деді. Шымкентті жасыл қала ретінде жаңғыртып, барынша қолайлы орта қалыптастыруды көздеген әкімге ақсақалдар батасын берді.