Ұлттық қордан балаларға 120 доллардан беріледі

30

«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында келесі жылы әр баланың шотына 120 АҚШ доллары көлемінде қаражат түсуі тиіс. Инвестициялық өсімнің сәл артуы соманың да көбеюіне әсер етеді деп отыр қаржы министрі. Сенаттың пленарлық отырысында жоғарғы палата депутаттары Қаржы министрі Мәди Такиевке доллар бағамы Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат көлеміне қалай әсер ететінін сұрады.

Министр қордағы ақша онсыз да доллармен сақталып, балалардың шоттарына жіберілетінін, сондықтан алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. Сөзінше, 2025 жылы 6,9 миллион балаға 889 млн долларға жуық ақша бөлінеді. Бұл бала басына шаққанда 120 доллардан келеді.

«100 доллар ол доллармен есептеледі, екіншіден, ол сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан ол өсіп отыр. Инвестициялық кіріске келсек, біз 2,6 пайызбен санадық. Енді келесі жылы инвестициялық өсім 3 пайыз болады деп болжамдап отырмыз. Сондықтан біз балаларға 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деп болжамдап отырмыз», — деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.