«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қазақстандық балалардың есепшоттарына 130 доллардан астам қаражат аударылды. Қаражат көлемі, Ұлттық қордың ұзақ мерзімді инвестициялық табысының жартысы есебінен қалыптасқан, қордағы валюталық активтердің мөлшеріне тікелей байланысты дейді мамандар.
Олардың айтуынша, төлем сомасының аздап өсуі әлемдік мұнай бағасының төмендеуімен байланысты екен. Айта кетейік, елімізде мұнай бюджет кірістерінің негізгі бөлігін құрайды. Ал, жалпы келесі жылы балаларға төленетін қаражының көлемі артуы мүмкін бе?
Ұлттық банк 18 жасқа дейінгі балаларға арналған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша кезекті төлемді жасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл бағдарламаға 6 918 656 бала қатысушы ретінде тіркелген.
«Балаларға есептелетін төлем мөлшері жыл сайын Ұлттық қордың ұзақ мерзімді инвестициялық табысының жартысы есебінен қалыптасады және қордың валюталық активтерінің көлеміне тікелей байланысты. Сонымен қатар, алдыңғы жылдары балалардың есепшоттарына аударылған қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қор портфелінде инвестицияланып, қосымша табыс әкелуді жалғастырады»
ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ
Сарапшылардың айтуынша, төлем көлемінің өсуіне сыртқы экономикалық факторлар әсер еткен. Негізгі себеп, өткен жылы әлемдік мұнай бағасының орта есеппен 16 пайызға төмендеуі. Ал, ел бюджет кірісінің басым бөлігі мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына тәуелді болып отыр.
АРМАН БАЙҒАНОВ, R-FINANCE ҚАРЖЫ КЕҢЕСШІСІ: «Қазіргі таңда қор табыстылығының төмендемеуі – оң көрсеткіш. Бұл бюджет кірістерінің азаюы мен тапшылықтың өсуіне қарамастан, бағаның күрт құлдырамағанын білдіреді. Яғни, мұнай экспортынан түсетін табыс айтарлықтай қысқарса да, қаржыны басқару тиімдірек жүргізіле бастағанын көрсетеді».
Сарапшылардың пікірінше, егер әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта қалпына келсе, Ұлттық қордың табыстылығы артып, соған сәйкес балаларға төленетін дивиденд көлемі де ұлғаюы мүмкін.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылы іске қосылған. Сол жылы әр балаға 100,52 АҚШ доллары есептелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 129,38 долларға дейін өсті. Ұлттық қордан бөлінген қаражатты бала 18 жасқа толғаннан кейін тек екі мақсатта пайдалануға болады. Оның бірі, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім алу ақысын төлеу.
Нұргүл Жолымбетова






