Бүгін — ел іші сақшылары Ұлттық Ұлан құрылған күн. Әскери құрылымның жасақталғанына 33 жыл толып отыр. Айтулы датада 6506 әскери бөлімінде үздік офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.
Бұл 3 жыл бұрын болған қаңтар оқиғасы. Дәл осындай қиын қыстау сәтте халық тыныштығын сақтау – Ұлттық Ұланның басты міндеті. Олар төтенше жағдай аймақтарында құтқару жұмыстарын жүргізіп, антитеррорлық операцияларда белсенділік танытады. Осы бір қиын да маңызды салада еңбек етіп жүргендердің бірі Қалмахан Сұлтанов. 26 жастағы жігіт Ұлттық Ұланда қызмет ету – үлкен жауапкершілік дейді.
Қалмахан Сұлтанов, 6506 әскери бөлімі артиллериялық зениттік дивизионы зениттік батареясының командирі: «Аптаның 7 күнінде біз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз. Жаппай іс-шараларда қызмет етеміз. Біздің әскери қызметкерлердің барлығы психологиялық тұрғыдан шыныққан. Кез-келген іс-әрекетке дайын. Былайша айтқанда, кез-келген кризисті жағдайда іске жарамды»
10 қаңтар – Ұлттық Ұлан күні. Құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша рөл атқаратын құрылымның құрылғанына 33 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай 6506 әскери бөлімінде салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында үздік офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.
6506 әскери бөлімінің мамандары іс-шараның әскери қызметшілерді патриоттық тәрбиелеу және жауынгерлік рухты көтеру мақсатында өткізілгенін айтты. Сонымен қатар, олар сарбаздарды мерекемен құттықтады.
Бекжан Мәлік, 6506 әскери бөлімінің аға офицері: «Бүгін, 10 қаңтар — еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, айбынды күш құрылымы Ұлттық Ұланның құрылған күні. Осы мерейлі мерекемен барша Ұлттық Ұланның жеке құрамын шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!»
Айта кетейік, бүгінде мегаполистің тыныштығын 1600-ге жуық сарбаз қамтамасыз етеді. Олардың күнделікті еңбегі халқымыздың бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік береді.