Басты проблема – баспана

25
фото Отырар.кз

«Ақшасы барлар үйді алып жатыр». Түркістан облысында бір топ әйел осындай шағым айтып әкімдік алдына жиналды. Сөздерінше, оларға тиесілі баспана басқаларға берілген. Салдарынан жылдар бойы үйсіз жүргендер әлі де өз пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүрген көрінеді.

Күннің суығына қарамастан әкімдік алдына жиналған бұл әйелдердің басты проблемасы – баспана. Олардың пәтерлі боламыз ба деп жүрген үміттері үзілуге жақын. Жанайқайын жеткізуге келгендердің бірі – көп балалы ана Ақнұр Орынбасарова. Ол 2017 жылы үй кезегіне тұрғанымен, әлі күнге дейін үйсіз жүр.

Ақнұр Орынбасарова, Кентау қаласының тұрғыны: «Үй аласыңдар деді. Келіп құжат өткізіңіздер деді. Өткіздік. Сосын кейін звандап шақыратын шығар дедік. Шақырмаған соң келсек болды апайлар сіздер ілінбейсіздер. Сіздер резервте тұрсыздар дейді. Запаста тұрсыздар дейді. Сосын біз қалай запаста тұрамыз? Ілініп тұрған адамбыз ғой»

10 жылдан астам уақыт бойы үй кезегінде тұрған әлеуметтік әлсіз топ өкілдері мен көпбалалы аналар күтпеген жағдайға тап болған. Сөздерінше, Кентау қаласындағы апатты деп танылған үйдің тұрғындарына жаңа жыл алдында пәтерлерін беріп, үй кезегіндегі реттілік бұзылған. Сонымен қатар, ақшасы барлар үйді алып қойып жатыр деп шырылдайды олар.

Үрдана Байдарова, Кентау қаласының тұрғыны: «Кезекке қойып бермейді ғой, кіргізіп береді ғой әдемілеп сөздің ашығы. Пара болып тұр ғой ашық әңгіме болып тұр ғой. Ақша беремін болды үйге кіремін. Артымдағы, алдымдағы адамды танымаймын да. Ақшасы барлар рөл ойнап тұр ғой»

Ал шенеуніктер пәтерлердің үлестірілуі тұрғын үй заңына сәйкес жүргізілгенін хабарлады. Апатты үйден шығарылған 17 тұрғын осылармен біріктіріліп, үйлі болғанын айтады. Себебі, тұрып жатқан баспаналары қирап қалса жағдай бұдан да қиын болар еді дегенді жеткізді.

Ғалымжан Төлепов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Кезек реттілігі 100 пайыз автоматтандырылған. Негізгі базасы министрлікте орналастырылған. Азаматтарда туындайтын сұрақ кезекті жылжытып, басқа да сұрақтар көтеріледі. Ол қазір мүмкін емес, себебі бәрі автоматты түрде»

Жаңа жыл қарсаңында көптің арманына айналған пәтер қазір бос. Ал Кентау қаласында 5189 адам үй кезегінде әлі де тұр. Алайда, жергілікті билік биыл оларға жаңа тұрғын үйдің қашан салынатынын айта алмады. Себебі, қаржылық қиындықтар бұл мәселені шешуге кедергі екен. Жылдар бойы баспана кезегінде тұрғандар енді тексеру жұмыстарының жүргізілуін қалайды.