Шымкентте картоп бағасы екі есеге өсті. Бұған дейін 200 теңгеге бағаланған көкөніс түрі демалыс күндері төрт жүз теңгеге бір-ақ қымбаттаған. Бұны естіген бұқара әзірге картоптан бас тартуға да дайын. Ал әкімдіктің бағаны бақылауға жауаптылары болса, қымбатшылықтың экспорт кесірінен болғанын айтады. Өзбекстан пен Ресейге картоп жіберуді тоқтатып, құнын қалыпқа келтіреміз дейді олар.
Өткен аптаның демалыс күндері Шымкентте картоп бағасы 400 теңгеден асып түсті. Қымбатшылық оңтүстікте ғана емес, еліміздің барлық аймағында байқалып жатыр. Отандық өнімнің мұнша аспандауын күтпеген кейбір тұрғын картоптан бас тартуға дайын болса, енді бірі тағы қымбаттай ма деген қорқынышпен артығымен алып жатыр.
«Халықты ешкім ойлап отырған жоқ. Тек баюды ойлап отыр. Білмеймін ғой қайдан алып келіп жатқанын. Бірақ, картоп деген бәрі өзімізде бар емес па? Өзімізде егіледі. Сол үшін бәрібір халықтың қалтасына қарап, бұндай бірінші керек тағамдардың барлығы арзан бағада қолжетімді болу керек деп ойлаймын» дейді тұрғындар
Бір сәтте қарыштаған картоп бағасының өзгерісіне сатушылар да аң-таң. Баға бір сауда орнында 420 теңге болса, енді бірінде — 390. Бұдан шет елден келетін цитрустық жеміс арзан деген саудагерлер тұтынушылардан ұрыс естіп жатқанын жасырмайды.
«Арғы жақта қымбат болып жатыр. Павлодардан келеді өзіміздің отандық өніміміз. Бізге келемін дегенше бағасы сондай болып кетіп жатыр. Неге қымбаттап кетті өзімізден шығатын нәрсе деп. Мынау мандарин мысалы 500 теңге болса, картоп та 500 теңге болып жатыр ғой. Мынау Пакистаннан келеді мысалыға ше. 400 базарда көтерме бағасы. Ал, ананың өзінің оптовый ценасы 400 болып жатыр» дейді сатушылар.
Ал, жергілікті әкімдік өкілдері болса, павлодарлық өнім бағасына билік жүргізе алмаймыз дейді. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды нарықтағыдан төмен бағада сататын сауда желілерінде картоп арзан сатылып жатқанын айтады.
«Алдында енді 200-220 теңге еді. Қазір Павлодар облысында баға қандай болады бізде тікелей сол бағаға тәуелді болып тұрады. Біршама өсім байқалған. Қазіргі таңда үкімет тарапынан экспортқа шектеу қойылды. Алдағы уақытта картоптың баға динамикасы түсетін болады» дейді Шымкент қаласы ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы бөлімінің басшысы Жандос Ханиев.
Еске салайық, көкөністің бұл түрі әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына жатады. Былтыр қанттың бағасы күрт өсіп, 2022 жылы пияз да қымбаттаған еді. Билік өкілдері болса, 400 теңгеге жеткен картоп бірер аптада арзандайды деп сендіріп отыр.