Шымкенттегі Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы аясында алты отбасыға жаңа пәтердің кілттері табысталды. Бағдарлама өткен жылы қала әкімінің бастамасымен қолға алынған еді. Соның нәтижесінде бүгінде 14 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартып алды.
Шымкенттегі Нұрлыбаев көшесінде тұратын 6 отбасыға реновация бағдарламасының аясында жаңа пәтердің кілттері табысталды. Шахаризада Әбілдаева бұл күнді 33 жыл күткенін айтады. Әбден тозығы жеткен баспанадан күйінген тұрғын енді жылы үйде тұратын болдық деп қуанышын білдірді.
Шахаризада Әбілдаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізде 36 кв тұғын, қазір 76 кв беріліп жатыр. Пәтерді көрдім. Ұнады. Бәріне рақмет. Бақытты болсын. Қызметтері зор болып жүре берсін. Аман болсын»
Пәтерлер «Green City» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Тұрғындарды қоныс тоймен құттықтаған қала басшысы бұл шаралар мегаполис жұртшылығының жағдайын жақсартудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздердің мәселелеріңіздің шешіліп жатқанына мен де қуаныштымын. Басқа шешімі жоқ одан басқа. Тезірек реттестірмесек қиналып кетті адамдар»
Айта кету керек, тозығы жеткен тұрғын үй иелері жаңа кешеннен көлемі мен бөлмелері ескі үйлерініңкімен бірдей пәтер алады. Ал баспана дайын күйінде беріледі. Осылайша, өткен жылы қолға алынған шағынауданды жаңғырту тұжырымдамасы аясында бас-аяғы 14 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты.