Шымкентте мүгедектер мен көпбалалыларға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Пәтерлер жарты жыл бұрын ғана пайданалуға берілгенімен, бүгінде шатырдан су кетіп, жертөлесі құрғамай жатқан көрінеді. Тіпті электр жарығы жиі өшіп, жарымжан жандар жиі жеделсатысыз қалады екен.
«Біз деген көпбалалы анамыз. Ипотекаға мына үйді алдық. Кіргенімізге 5 ай болды. Не масқара мынау?!».
Шымкентегі мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға берілген үйлердің бүгінгі күйі осындай. Жақында ғана пайдалануға тапсырылған бұл баспаналардың жертөлесі судан құрғамайтын көрінеді. «Ал жаңбыр жауса, шатырдан су ағады», дейді тұрғындар. Тіпті электр жарығы күн ара сөнетіндіктен, тоғыз қабатты үйде тұратын жарымжан жандар жиі жеделсатысыз қалады екен.
Айсұлу Қараханова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қай мердігер салғанын білмейміз. Міне, қирап жатыр, скотч жапсырып қойдық. Терезеден жел гуілдейді. Бөлмелерде де сондай. Жылуы мынау, залдың шаршы метріне мүлдем сәйкес келмейді. Біреуін ғана қойған, қалғанын жеп қойған ба, мүлдем жылымайды»
Тұрғындар үйдің құрылысына ең арзан материалдарды қолданған деп ашынып отыр. Сол себептен бүгінде баспаналардағы линолеумдер көгеріп, ғимараттың қабыралары да сыр бере бастаған. Қыстыгүні бұл пәтерлер тіптен жылымайтын да көрінеді. Себебі, тұрғындардың айтуынша мердігерлер 54 пәтерлі баспанаға жер үйге арналған шағын насос орната салған.
Қайрат Шуанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Насосты бір-бірден істетсек, мысалы, оның күші жетпейді, қуаты жетпейді. Қуаты жетпеген соң, үй деген суық. Халық шулап жатыр, түк нәтиже жоқ. Екеуін бірдей қоссақ, екеуі де күйіп кетеді. Бұған мықты — екі де-екі киловатт насос керек»
Тұрғындар үй мәселесін айтып әкімдікке шағымды қарша боратқанымен, құрылыс басқармасындағылар бұл мәселені бүгінге дейін білмегенін айтып, ақталды. Бірақ бүгіннен бастап жалпы үймен қоса, әр пәтердің мәселесін жіті қарап шығамыз деп отыр.
Мақсат Мейманалиев, Шымкент құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің басшысы:
«Терезеден су өту, тұрғын үйдің жертөлесінен су өту мәселелері кепілдік мерзімде қаралады. Біз мердігер мекемеге ақау актісін түзіп, ресми ескерту беріп, барлығын реттеп береміз. Енді бүгін ақау актісін түзіп анықталған кемшіліктерге қарай, сол объективті мерзім беріледі — 5 күн, бір аптадай»
Шенеуніктердің сөзіне сенсек, үйдің кем-кетігі санаулы күнде қалпына келеді. Алайда уәдеге сенбейміз деген жұрт мердігерге қатысты мәселені айтып, қала басшысы мен прокуратураға тағы шағымданамыз деп отыр.