Антикордың экс–қызметкеріне қатысты сот басталды

5

Антикордың бұрынғы қызметкеріне қатысты сот басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент бастығының экс-орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталған еді.

Дәуренбек Қожабаевқа мектеп директорынан қылмыстық жауапкершіліктен босатқаны үшін 42 млн. теңге алды деп айып тағылды. 46 жастағы Қожабаев тергеуден жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ол Түркістан облысында ұсталды.

Мадияр Әбілқасымов, Прокурор: «2022 жылдың 14 қыркүйегінде департамент №132 жалпы білім беретін мектептің директоры Қаштановаға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша алдын ала тергеуді бастады. Бұл тергеу Сағымбаеваны осы мектепте мұғалім ретінде жұмысқа орналастыру үшін делдал арқылы 1 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат алу фактісі бойынша жүргізілді. Сол жылдың 28 қыркүйегінде аталған қылмыстық іс бойынша жасырын тергеу әрекеттері нәтижесінде Қаштанованың ақша алғаны анықталды. Ал 4 қазанда Қаштанова осы қылмыстық іс бойынша ұсталды. Алайда ол Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін басшылық құрамнан бір қызметкерге пара беру туралы қылмыстық ниет ойластырған»

Мемлекеттік айыпталушының мәліметінше, мектеп директоры қалалық антикордың сол кездегі экс-басшысына шығудың жолын тапқан. Ал білім ұясының басшысы 2022 жылдың 8 желтоқсанында қайтыс болған.

Еске салсақ, 2023 жылы Дәуренбек Қожабаевтың ағасы аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталып, 5,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Мақсат Қожабаев кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.