Түркістан облысында әкімдер мен басқармалардың жұмысы арнайы рейтинг арқылы бағаланатын болады. Жаңашылдық облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жан-жақты талқыға түсті. Өңір әкімі Нұралхан Көшеров шенеуніктерге жүйедегі индикаторлардың орындалуына толық күш салуын тапсырды. Сондай-ақ, рейтинг жүйесін жетілдіріп, индикаторларға қажетті тармақтарды қосу керектігін айтты. Мәжілісте мемлекеттік сатып алу процессіндегі мәселелер де сөз болды.
Енді Түркістан облысында аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының жұмысы арнайы рейтинг арқылы есептеліп, бағаланатын болады. Өңірде органдардың жұмыс қарқынын тұрақты түрде есептейтін рейтинг жүйесі әзірленді. Бұл жаңашылдыққа өңір әкімі Нұралхан Көшеров ондағы индикаторлардың орындалуын әкімдер назарға алып, оған күш салсын деп тапсырма берді.
Сондай-ақ облыс басшысының сөзінше индикаторларды тағы зерделеп, қажетті тармақтарды қосу керек. Себебі барлық сала түгел қамтылуы тиіс екенін айтады. Айтар болсақ, арнайы рейтинг жүйесі 67 көрсеткіштен тұрады және олар 9 индикаторға жинақталған. Оның ішінде экономикалық даму индикаторы әр ай сайын есептеледі. Ал барлық 9 индикатор бойынша аудан және қала әкімдерінің рейтингі әр тоқсан сайын белгілі болып отырады.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Тоқсанына бір рет осында облыста жиналып, алқа мәжілісін өткізетін боламыз. Сонда бірінші, екінші, төртінші деген сынды орындарға жұмысына қарай қаржылай премия мәселесін қарайтын боламыз. Ал соңғы орындардан табылғандардың жауапкершілігі қаралатын болады».
Сондай-ақ, бұл апталық мәжілісте мемлекеттік сатып алу процессінінің мәселелері де қаралды. Облыс әкімі өз сөзінде әр жобаны жан-жақты қарап, әділ әрі нақты бағалау қажет екенін айтты. Егер кім-де кім сылбырлық танытып, жобаның уақытылы жүзеге асыру уақытын созса оның жауапкершілігі қаралады деді өңір басшысы.
Нұралхан Көшеровке жиында салаға жауапты басқарма басшылары есеп берді. Өңірде экономикалық көрсеткіші нашар және мемлекеттік сатып алу процессінде кемшіліктері анықталған әкімдер мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Облыстық мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өз мерзіміне сай, әрі сапалы өткізу қажет. Мемлекеттік сатып алу басқармасына жүйелі түрде заңнама бұзатындарды рейтинг бойынша баяндама жасауды тапсырамын».
Мемлекеттік сатып алу барысында артық қаржы жұмсауға жол бермеуді көздеп отырған облыс әкімдігі, әр жобада бюджеттің мүмкіндігі, құрылыстың маңызы мен экономикалық тиімділігі қатар ескерілу керектігін айтады.