Биыл Шымкенттегі негізгі магистральдың бірі А-2 автожолының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Автотрасса бірнеше мемлекетті байланыстырады. Негізгі көлік ағыны қала арқылы өтеді, ал жолдың өзі халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады.
Бұл жолмен күн сайын Қазақстанның оңтүстік-шығыс және батыс өңірлеріне транзиттік жүк тасымалданады. Маршрут Ташкент, Шымкент және Бішкекті байланыстырады. Республикалық маңызы бар жол құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қала шегінде жол ұзындығы 32 шақырымды құрайды, оның 28 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 8 кезеңнің төртеуі аяқталды.
Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «8 учаскенің төртеуі пайдалануға берілді. Қалған үш участокты біз құрылыс маусымы басталған кезде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол жерде көп жұмыс қалмаған, яғни, үстіңгі қабат салу, жол белгілерін қою, жарықшамдар қою».
Жөндеуден кейін көліктің едәуір бөлігі айналма жолға бағытталады. Бұл қала орталығындағы жүктемені азайтады. Сонымен қатар, Шымкент — Ташкент жаңа жолының құрылысы аяқталуға жақын. Енді Өзбекстанға баратын жол бір сағатқа қысқарады.
Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Ресейден немесе Қытайдан келе жатқан көліктің бәрі Шымкент арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде қала ішіндегі көлік тығынына алып келуде. Жазда басталған Құрсай, Қазығұрттың жолы бар, ары қарай Бадам өзеніне қарай жар бар, сол жарды толтыру жұмыстары жүріп жатыр. Егер кедергілер болмайтын болса, біз ол жолды да іске қосуды жоспарлап отырмыз».
Жобаны іске асыру Шымкенттегі көлік кептелісін азайтуға және магистралдық жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Қала халқының қарқынды өсуін ескере отырып, жауаптылар биыл жаңа жолдардың рекордтық санын салуды жоспарлап отыр.