Түркістанға ерекше мәртебе беріледі

24
Pinterest

Түркістан ерекше мәртебеге ие болады. Сенатта Түркістанның тарихи келбетін қорғайтын заң мақұлданды. Құжатқа сәйкес, енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында 7 метрден асатын ғимараттар салуға тыйым салынды. Сонымен қатар, жергілікті билік қала құрылысы мен қаланы дамытуда көбірек өкілеттіктерге ие болады.

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Сенат депутаттары заң жобасын мақұлдады. Құжат қаланың сәулеттік келбетін сақтау бойынша шараларды көздейді. Сәйкесінше, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасындағы 100 метрлік аймақ шегінде жеті метрден жоғары ғимараттар тұрғызуға тыйым салынады.

Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау және оның айналасында кесененің күзет аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта құрылыс салуға жол бермеу мақсатында биіктігі 7 метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен сыйыспайтын объектілер салуға жол берілмейді«.

Құжат сонымен қатар жергілікті билікке жаңа өкілеттіктер береді. Түркістан мәслихаты енді қала құрылысы регламентін, сәулет стандарттарын және өңірлік дизайн-кодты пайдалану қағидаларын бекіте алады. Түркістан әкімдігі дәстүрлі салаларда жұмыс істейтін қолөнершілер шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік алады.

Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Аталған тұлғаларға шығындарды өтеуге Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша жылына шамамен 88,5 млн теңге қажет болады. Жоғарыда аталған нормалармен қолөнершілер саны күрт өсуі мүмкін деп отырмыз, сәйкесінше шығындар да артады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Түркістан қаласына 1 миллионнан астам турист келеді. Осыған байланысты заңдарда қаланың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нормалар көзделеді«.

Жаңа құжатқа сай, жер кодексі мен тағы 4 бірдей заң да толығады. Бір бөлігі қаладағы туризм саласын дамытуға бағытталған. Туристерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық инфроқұрылым қол жетімді болуы керек деп көрсетілді.