Блок-бекеттерде кезекшілік тәулік бойы жүргізілуде

176

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Шымкент қаласының кіреберісіне қойылған блок-бекеттер тәулік бойы жұмыс істеуде. Әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қалада жағдай тұрақты болғанымен, тұрғындарға сақтық шараларын ұстанып, төтенше жағдай кезінде қойылған талаптарды орындау қажеттігін ескертеді.

 

Шымкенттен Сарыағаш, Тәшкент бағытындағы блок- бекетінде 10 әскери, 7 полиция қызметкері кезекшілікке таңертең түскен. Олар қалаға кірген жеңіл және жүк көліктерін тексеріп, өткізуде.

Бадам стансасында тұратын Алмат Ережепов жұмыстарымен Қазығұрт ауданында болып қайтқан. Елімізде орын алған жағдайға байланысты тексеріс болып жатқанын құптаймын дейді .

Қаланың іргесіндегі «Ақжар» бұғаттау бекетіндегі құқық қорғау органдарының өкілдері, бұл жерден өткендер түсіністік танытып, еш қарсылықсыз куәлігін көрсетіп, көліктің жүк салғыш бөлігін ашып тексеруге мүмкіндік беруде дейді.

Тексеру барысында Шардарадан оралған шымкенттік азаматтың құжатына қатысты ескерту жасалды.

Тексеру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуін әскерилер қамтамасыз етуде. Айтулы бекеттерде қандай да оқыс жағдай туындаса шептегі сарбаздар тиісті шаралар қолданылатындығын айтады.

Тайжан Оразбаев, әскери: «Қаңтардың алғашқы аптасында орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің салдарынан елімізде төтенше жағдай жарияланғанынан көлік жүргізушілері де, жолаушыларда да хабардар. Тексеру болуы тиіс. Мемлекетіміздің тұтастығы және халғымыздың тынышытығы үшін».

Бұғаттау бекеттері қаланың барлық бағыттарында қойылған. Онда құқық қорғау органдары өкілдері әскерилермен бірге тәулік бойы қалаға кірген және шыққан көліктерді және жолаушылардың құжаттарын тексеруде. Сондықтан егер сіздің жеке куәлігіңіз немесе өзге де құжатыңыздың пайдалану мерзімі өтіп кетсе тиісті мекмеге барып жаңартқаныңыз дұрыс.

Сонымен қатар, сапарға шығар алдын тасымалданатын жүгіңіздің рұқсат қағаздарын да реттеп алғаныңыз абзал.

Шынар Оразова