Д.Сатыбалды: «Өрт шығуы мүмкін орман алқаптарына кезекшілік ұйымдастырылсын»

33

«Кез-келген уақытта төтенше жағдайға дайын болу керек» деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды орман және дала өртінің алдын алу жұмыстарын пысықтады. Жауапты басшылардың есебін тыңдап, маңызды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар өңір басшысы мамандарға өртке қарсы минералды жолақтарды жырту жұмысын 10 күн ішінде толық аяқтауды тапсырды.

Түркістан облысындағы орман қорларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-қимыл жоспары бекітіліп, тікұшақ пен өрт сөндіру техиналарының су алу аумағы көрсетілген карта әзірленді. Бұл туралы өрттің алдын алу жұмыстары туралы облыс әкіміне есеп берген Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді. Сөзінше, қазіргі таңда орман шаруашылықтары 362 адамды құрайтын өрт-химиялық станцияларымен қамтамасыз етілген.

Нұрғали Жүнісов, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
«Осы орман шаруашылықтарында жалпы 22 өрт сөндіру автокөлігі мен 50 бейімделген қосалқы техника, 48 өрт бақылайтын биік мұнара бар. Департаментпен және барлық ТЖ басқарма бөлімдерімен өрт оқиғасы кезінде хабарлау схемасы бекітілген».

Облыста жалпы 12 орман шаруашылығы мекемесі орналасқан. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты мекемелердің иелігінде – 304,6 мың га. Бұл облыстағы жалпы орман қорының 8,8%. Ал әкімдікке қарасты мемлекеттік орман қоры жерлері 91,1%. Олар «Бадам», «Отырар», «Созақ», «Шардара», «Жасыл желек», «Жасыл аймақ» және «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне бекітілген. Орман және дала өрттеріне қарсы күрес жайын пысықтаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылардың есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Төтенше жағдайға дайын болу керек. Табиғи парктер, қорықтар мен Төтенше жағдай департаментінің техникалық қамтылуын тағы да бір сараптап шығыңыздар. Қажетті көліктер бойынша бюджетке ұсыныстар енгізілсін. Екіншіден, үнемі өзара байланысып, бірігіп жұмыс істеу қажет. Өртке қарсы күрес – бәрімізге ортақ жұмыс. Қайдан өрт шықса да, бір мекемеге сілтемей, бірігіп сөндірген жөн. Орман, дала өрттерінің алдын алу, болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдансын».

Облыс әкімі жауаптыларға орман қорындағы өрт шығуы мүмкін учаскелерде күзет бекетін белгілеп, кезекшілік ұйымдастырылсын деген тапсырма берді. Сонымен қатар облыс аумағында өртке қарсы минералды жолақтарды жырту жұмысын 10 күн ішінде толық аяқтауды жүктеді.