Шымкент қалалық №2 ауруханасында өт тас ауруына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасалды. Ерекшелігі — науқастың қосымша жүрек және өкпе ауруларымен ауыруы отаның барысын анағұрлым күрделендірді. Дегенмен, кәсіби хирургтар мен анестезиологтар командасының бірлескен еңбегінің арқасында операция сәтті аяқталды.
Мұндай жағдайларда әрбір қадам аса мұқият бақылауды, жоғары деңгейдегі медициналық білім мен тәжірибені талап етеді. Біздің мамандар бұл сыннан сүрінбей өтті. Отадан кейінгі алғашқы сағаттарда-ақ науқастың жағдайы тұрақтанып, оңалуға бет алды.
Қазіргі таңда науқас өз халін жақсы сезінуде, өмірлік маңызды көрсеткіштері қалыпты. Ертеңгі күні үйіне, отбасына оралу жоспарланып отыр. Бұл – тек медицина қызметкерлерінің еңбегі ғана емес, сондай-ақ науқастың сауығуға деген сенімі мен табандылығының нәтижесі.
№2 Қалалық аурухана ұжымы әрбір науқастың өмірі мен денсаулығы үшін аянбай еңбек етеді. Біз үшін ең үлкен марапат — пациенттеріміздің амандығы мен қуанышты жүздері.







