Мемлекеттік тіл нормаларын сақтамаған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Елімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық орындарда көрнекі ақпараттың заң талаптарына сай ресімделуіне ерекше назар аударылып жатыр. Мәселен, Шымкентте 16 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан тексеріліп, 2 380 нысанға тіл заңнамасына сәйкес келмейтін кемшіліктерді жою бойынша ұсыным берілген.
Шымкенттегі қоғамдық тамақтану орындары жаппай тексеріліп жатыр. Мұндағы мақсат- кәсіпкерлік нысандардың тіл заңдылығын сақтау, мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру дейді мамандар. Ал, қала тұрғындары үшін мәзір мен баға көрсеткіштерінің қазақшаланғаны дұрыс әрі тиімді. Бірақ, орта жастағы кейбір жандар үшін латын әріптері түсініксіз көрінеді.
Мұндай қоғамдық пікірлер көңіл жылытады. Десе де, жауапты мамандар, дәмхана, мейрамхана, асханалардағы тіл нормаларын сақтау бойынша арнайы тексеру жұмыстарын жалғастыра бермек. Мәселен, бүгінге дейін арнайы тексерудің нәтижесінде, бірқатар кемшіліктер анықталып, бизнес өкілдеріне реттеу қажеттілігі ескертілген.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Қаланы аралау барысында 16 180 кәсіпкерлік нысан зерделеніп, 2380 нысан иесіне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді. Анықталған кемшіліктердің 120-ы түзетіліп, қалған 2 260-ы реттелу үстінде. Осы кемшіліктерді түзегендердіің атын атай өтейік. Олар, «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Eldoro», «Enfess», «Кәусар бұлақ», «Ankara», «Димаш», «Жеті тандыр» т.б. көптеген дәмхана мәзірлерінің мәтіндері, көрнекі ақпараттары ретке келтірілді».
Бұл шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оны қоғамдық кеңістікте дұрыс әрі талапқа сай қолдануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Деректемелер мен көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн».
Мемлекеттік тіл туралы заң талаптарын сақтамаған жағдайда кәсіпкерлік субъектілері мен лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, заң бұзушылық анықталған жағдайда лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Ал, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 10, ал ірі кәсіпкерлік нысандары үшін 25 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Нұргүл Жолымбетова







