Úı ANONS Шымкентте 22 мыңнан аса бала алимент алады

Шымкентте 22 мыңнан аса бала алимент алады

Шымкентте 22 мыңнан аса баланың әкесі, не шешесінен алимент өндіріледі. Бүгінде борышкерлердің берешегі 4 миллиард 640 миллион теңгеге жеткен. Өкінішке қарай, алимент төлеушілердің ішінде әйелдер де бар.

Шымкентте 14 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың ісі сот орындаушылардың қарауына өткен. Борышкерлер заңға сай бала алдындағы міндетін орындамаған. Салдарынан алимент берешегі 4 миллиард 640 миллион теңгеге жеткен. Бұл туралы қала прокурорының көмекшісі Бауыржан Мырзаәлиев мәлім етті. Оның пікірінше, алимент өндіру әлеуметтік маңызы жоғары істердің санатына жатады. Биыл бүгінге дейін прокуратураның араласуымен мәжбүрлі түрде 600 миллион теңгеден аса алимент өндірілген.

Бауыржан Мырзаәлиев, Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі: «Ағымдағы жылы алимент төлеу туралы сот шешімін орындамағаны үшін 291 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.  Оның ішінде 195 борышкерге қатысты әкімшілік қамаққа алу туралы жазасы тағайындалды 5 күнге осы күнге дейін. Қалғандарына айыппұл төлеу. Енді әкімшілік жауаптылыққа тартылғаннан кейін де алимент төлемеуді жалғастырып жүрген борышкерлерге қатысты қылмыстық жауаптылыққа тарту жұмыстары жүрізілуде. Жыл басынан 81 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 72 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сотпен қаралып қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатқандар да бар.  Оның ішінде 33 борышкерге бас бостандығынан шектеу түріндегі шешім шыққан болса, 1 борышкерге қатысты 6 айға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға да тағайындалғаны бар».

Борышкерлердің дені алиментті уақытылы төлемеу себебін жұмыстың жоқтығы, табыстың болмауынан түсіндіреді. Сот орындаушылары еңбек-мансап орталығына жолдама бергенімен,  олар түрлі сылтаумен жұмыс істеуден қашқақтайды. Мұның соңы жазаға тартылумен аяқталуы мүмкін. Түптеп келгенде мұның зардабын балалар көреді. Ал қалада алиментке зәру бала саны 22 мыңнан асады.

Бауыржан Мырзаәлиев, Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі: «Заң тәртібіне сәйкес алимент өндіру туралы өндіріп алушылар сотқа арыздануына болады. Сот актісін шығарып береді. Нәтижесінде кәмелет жасқа толғанға дейін, яғни 18 жасқа толғанға дейін алимент өндірілетін болады.  Мөлшері егер жанұяда бір бала болса, табысының төрттен бір бөлігі өндіріледі. Екі бала болса үштен бір бөлігі, ал 3 — не одан жоғары болса  табысының жартысы».

Сот ерлі-зайыптылар ажырасып бөлек кетсе де, не бірге тұрғанның өзінде алимент төлетуге міндеттей алады. Бұл заңмен шешіліп, реттеліп қойған. Онда да алимент көлемі әдеттегідей есептеледі.

Бауыржан Мырзаәлиев, Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі: «Мысалға, көбісі түсінбейді ажыраспай жатып қалай алимент төлейді дейді. Мысалы, кейбір жанұяларда ер адам тапқан табысын үйге әкелмеуі мүмкін.  Сол кезде сотқа тиісті арыз-шағыммен шығады. Және сот соған қарап өзі шешім шығарып береді. Бұл жағдайда алимент жұмыс орнынан және бугалтериядан өндіріп алушыға тікелей аударылып отырады».

Жыл басында сот орындаушыларға 16 мыңға жуық алимент өндіру туралы іс түскен. Оның екі жарым мыңнан астамы орындаусыз қайтарылған. Себебі ерлі-зайыптылар татуласып, қайта қосылған. Мұндайда алимент талап етуші өтінішін қайтарып алған.

Айтса да, алда отбасы ажырасса қайта алимент өндіру құқығы беріледі. Алимент тек еркектерден өндірілмейді. Мысалы, ресми мәлімет бойынша Шымкентте 181 әйел балаларына алимент төлеуге міндеттелген. Әйелдерден алимент өндіруге арызды балалар үйі сияқты мекемелер тастаған.

Дилара Иса