Úı Jańalyqtar ШЫМКЕНТТЕ SMART CITY ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ӘУЕЖАЙ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМУДА

ШЫМКЕНТТЕ SMART CITY ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ӘУЕЖАЙ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМУДА

фото ШӨКҚ

 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу тапсырылды. Бұл құжат аясында барлық бастамалар мен жобалар жалпыұлттық стратегиямен үйлестіріледі.

 

Шымкент қаласы халықаралық деңгейде «Dahua Technology», «HikVision» және басқа да smart city, қауіпсіздік және цифрландыру саласындағы жетекші компаниялармен өзара тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісім қала инфрақұрылымына жаңа технологияларды енгізуге серпін береді. «Smart City» – қалалық қызметтерді цифрландыру арқылы тиімді басқаруды көздейтін концепция. Бұл жоба аясында көлік жүйесі, коммуналдық қызметтер, білім беру мен денсаулық сақтау салалары автоматтандырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Шымкент үшін бұл бастама қаланың заманауи мегаполис ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады.

Шымкентте цифрландыру жобалары аясында мынадай жаңа бастамалар жоспарланып отыр:

Ақылды жарықтандыру жүйесін енгізу: көше жарықтарын энергия үнемдейтін құрылғылармен жабдықтап, автоматты түрде басқару. Ақылды тұрғын үйлер мен «smart» коммуналдық қызметтер: су, газ және электр энергиясын тұтынуды онлайн бақылауға мүмкіндік беретін құрылғылар орнату. Цифрлық денсаулық сақтау жүйесі: онлайн емханалар, дәрігерлермен бейнебайланыс және электронды медициналық карталарды енгізу.

 

 

Сонымен қатар, әуемен жүк тасымалдау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Президент Тоқаевтың Жолдауында бұл саладағы ахуалдың жақсарып келе жатқаны және оның көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екені атап өтілді. Шымкенттің әуежайына KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірі беріліп, ресми түрде Еуропаның RA3 деректер базасына енгізілді. Бұл мәртебе әуежайға Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдауды транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.