Шымкентте жұмысшы тапшы. Кей кәсіпкерлер жұмысшылардың шетелден алдырып жатқанын айтады. Ресми мәлімет бойынша, инженер, механик, технолог сияқты мамандар ауадай қажет.
Шымкентте 300-ге жуық кәсіпкер жұмыс істейтін жан таппай әлек. Әсіресе, медицина, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы. Мысалы, қалада 250 шамасында ұсақ шаруаның басын біріктірген қожалық төрағасы Манасбай Бекбауов, әсіресе, егін егу науқаны мен жиын-терім кезінде жұмысшы таппай сарсаңға түседі. Тіпті соңғы кезде көршілес жатқан елдерден жұмысшы іздеуге көшкен.
Манасбай Бекбауов, «АГРОСЕРВИС» ШҚ төрағасы: «Былтыр техникамды айдататын адам жоқ Өзбекстаннан барып ақшаға қызықтырып әкелдім. Біз қызықтыру үшін айдаған гектарына изделный қылып қойдық. 1500-2000-нан төлейміз бір күнде К700 30 гектар айдайтын болса 50-60 мыңды бірақ күнде табады. Тамағы барлығы бізден. Тек қана айдау керек»
Өндіріс саласында да жағдай – осы. Дәл қазір қалалық мансап орталықтарында жүзден аса өндіріс орнынан 182 маманға сұраныс берілген. Әсіресе, инженер, механик, технолог сияқты мамандар ауадай қажет деп отыр.
Ахмедияр Жұмақұлов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
«Мысалыға, инженер-механик, инженер-жалпы бейім, технологтардың жалақысы жоғары болып келеді.
-Не үшін адамдар барғысы келмейді енді?
-Қазіргі жастардың көбінесе бірден үлкен жалақыға барғысы келеді ғой. Сол басты себеп шығар»
Десе де жұрт бос жұмыс орындарына сұраныстың аздығын жалақының төмендігінен көреді. Олар 200-250 мың айлық жалақымен отбасын асырап, күнкөру мүмкін емес деп санайды.
БЛИЦ:
-Оған кім барады айтыңызшы!? Күнкөріс қазір қандай қиын. Қымбатшылық. Еттің бағасы анау. Айлықты жеткізе алмайды. Бала-шағасын асырау керек.
— Жетпейді. Сол үшін бармайды.
— Қанша болу керек, сонда жалақы?
— Отбасына қарай ғой енді.
— Бару керек қой. Бала-шағаны бағу керек. 500 мың теңге айлық деп күтіп отырса отыра бере ма сол күйі.
Бір сөзбен айтқанда, жұмыссыздық пен бос жұмыс орындарына маман табу күн тәртібіндегі мәселе күйінде қалып тұр. Тығырықтан шығу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар ұсынылған жұмысқа бармаса, 2 аптаның ішінде базадан шығарып тастау тәжірибесін пайдалануға көшкен.
Дилара Иса






