Úı ANONS Түрлі платформалар мұғалім мен оқушыға жүктеме түсірді

Түрлі платформалар мұғалім мен оқушыға жүктеме түсірді

Түркістан облысында білім саласын цифрландыру ісінде жаңа платформалар енгізілген. Ендігі сұрақ, айтулы платформалар мұғалім мен шәкірт үшін қаншалықты тиімді? Түркістан облысының бас ұстазы, бұл мәселеде бірыңғай интеграция жоқ деп отыр. Ал жалпы нәтиже  бірінші жартыжылдықта белгілі болады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды.

Түркістан облысында білім саласындағы ашықтық пен цифрландыруды жетілдіру маңызды. Цифрлық теңсіздік пен жүйесіздікті жою басты міндет. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте сөз болды. Мысалы, білім саласында сынақтан өткізіліп жатқан платформалар бар. Бұл білім сапасын арттыруға бағытталған. Олар оқу үдерісін бақылау, кәсіби бағдар беру, оқушылардың жетістігін талдау, халықаралық зерттеулерге дайындық пен сыртқы бағалау жүйелерін енгізуді көздейді.

Ғалымжан Орынов, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының м.у.а: «Білім беру саласындағы цифрландыру мен автоматтандыру сапалы білімге қол жеткізу мен басқарудың тиімді жолына айналуда.  Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің білім беру саласында біртектілік пен  бірыңғай ақпараттық жүйе толық қалыптаспаған.  Әртүрлі компаниялар әзірлеген жиырмадан астам планформалар мектептерде қатар қолданылып келеді. Олардың функционалдық  мүмкіндіктері әртүрлі. Бірыңғай интеграция жоқ. Педагогтар мен оқушыларға қосымша жүктеме түсіреді. Бір мектепте бірнеше платформаны қатар пайдалану мұғалімнің уақытын алса, екінші жағынан деректерді үйлестіру мен талдау қиындатады. Бұл жағдай жүйесіздікке, ресурстарды тиімсіз, білім беру ісіне кері әсер тигізуде».

Сонымен бірге, жасанды интеллект технологиясы оқу процесін автоматтандыру мен жекелендіруді қамтамасыз етеді. Облыс әкімінің айтуынша, білім саласындағы маңызды қадамдар бір ғана басқарманың емес, барлық аудан мен қала әкімдерінің ортақ жауапкершілігі болуға тиіс.

Нұралхан Көшеров,  Түркістан облысының әкімі: «Білім саласын цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар беріңіздер. Нақты шара қабылдау қажет. Мен айтқан табельді күнделікті қолмен толтырып отырғанымен салыстырып сверка жасату керек. Осында қанша қаражат кетті. Экономиканың барлық салаларын жаңарту және жасанды интеллекті енгізу үшін комиссия жұмысын жаңартыңыздар. Бағана айтқан ревизия бәрін қайта тексеріңіздер. Үшінші, біз қанша платформада жұмыс істеп жатырмыз. Сол анализін жасап, қайсысы дұрыс, қайсысы қажет емес нақты ұсыныстарды енгізіңіздер».

Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде цифрлық трансформация кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл мұғалімдер мен оқушылардың оқу-тәрбие процесіне оң ықпал етеді деп күтілуде. Ендігі жерде сынақтағы платформалардың тиімділігі оқу жылының бірінші жартыжылдығында қорытындыланып, нақты нәтиже бойынша таңдалады.

Дилара Иса