Úı Jańalyqtar «Заң мен Тәртіп»: Шымкентте ерекше фотокөрме өтті

«Заң мен Тәртіп»: Шымкентте ерекше фотокөрме өтті

фото ШӨКҚ

Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында полицейлердің күнделікті қызметі мен жанқиярлық еңбегіне арналған «Заң мен Тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

Көрмеде құқық қорғаушылардың күнделікті көшелерді патрульдеуінен бастап, барынша зейін мен батылдықты, кәсібилікті талап ететін сәттеріне дейінгі жұмысын шынайы бейнелейтін жарқын әрі әсерлі фотосуреттер қойылды.

Әрбір сурет полицейлердің қиын да абыройлы еңбегі туралы баяндайтын тірі құжат іспетті. Іс-шараның ерекше атмосферасын Ұлттық ұлан оркестрінің өнері толықтыра түсті. Көрменің басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің қоғам үшін атқаратын маңызды рөлін атап көрсету және олардың еңбек жолын насихаттау. Келушілер патрульдеуді, қоғамдық тәртіпті сақтауды, сондай-ақ қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алуға бағытталған іс-шараларды бейнелейтін түрлі суреттермен таныса алады.

Суреттерде полиция қызметкерлерінің көшеде кездесетін әртүрлі жағдайларда, соның ішінде қиын сәттердегі зейінділігі мен кәсібилігін, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жасаған еңбектерінің қаншалықты маңызды екендігі көрінеді. Көрмеге келген азаматтар құқық қорғаушылардың жұмысына қызығушылық танытып, оларға құрмет көрсетіп, алғыстарын білдірді.

Фотокөрме барысында полицейлердің жұмысы туралы баяндама жасау мен сұқбаттар ұйымдастырылып, көрермендер полиция құрылымдарының қызметі мен міндеттері туралы маңызды ақпарат алды. Бұл шара құқық қорғаушылардың қоғамдағы бейбітшілік пен тәртіпті сақтаудағы маңызды рөлін барынша паш етуге бағытталған.

 

Фотокөрмені жүздеген адам, оның ішінде ересектер мен балалар да тамашалады. Қонақтардың қатарында арнайы «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да болды. Бұл олар үшін жауапкершілік пен қоғамға қызмет етудің көрнекі әрі шабыттандыратын үлгісі болды. Жастар фотоэкспозициямен танысып, сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісті.

– Бұл көрме арқылы полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығын күзету жолындағы еңбегімен жақынырақ таныстық. Мұндағы суреттерден олардың табандылығы мен өз ісіне адалдығы көрінеді. Әр адам көрмеден өзіне қажетті ой түйеді: біреу үшін – бұл үлгі алатын мамандық, енді біреу үшін – құрметке лайық еңбек, ал кейбіреулерге – шабыт беретін оқиға, – деп бөлісті келушілердің бірі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру мен полицейдің бейнесін Заң мен Тәртіптің қорғаушысы ретінде қалыптастыру.