Шымкент қаласында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық тәртібін сақтау мақсатында іске қосылған «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. 23 маусымнан бастап қыркүйек айына дейін бұл платформа арқылы полицияға жалпы саны 1271 хабарлама түсті.
Қалалық тұрғындар жаңа сервисті пайдалана отырып, полицияға тікелей жүгінудің тиімді әрі қолайлы тәсілін тапты. Бұл мүмкіндік азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы хабарлауды оңайлатып, уақыт пен күш-қуатты үнемдеуге көмектесуде. Әсіресе жол қозғалысы ережелерін бұзу, жол-көлік оқиғалары және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар кеңінен түскен.
Полиция қызметкерлері мен қала әкімдігінің деректеріне сүйенсек, «Заң мен Тәртіп» платформасы арқылы түскен хабарламалар полицияның жұмысын жеделдетуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға оң әсерін тигізуде. Тұрғындар өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл сервисті күнделікті өмірде белсенді қолдана отырып, қаладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға үлес қосуда.
Мамандар атап өткендей, цифрлық технологияларды пайдалану – құқық тәртібін нығайтуда маңызды қадам. Бұл шара қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, құқық бұзушылықтарға жедел жауап беруге мүмкіндік беріп, қала өмірінің сапасын жақсартуда бірегей құрал болып отыр. Шымкент қаласының әкімдігі алдағы уақытта да «Заң мен Тәртіп» платформасын дамытуға және оған жаңа функционалдар енгізуге ниетті. Бұл тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес алуды жеңілдетіп, қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында маңызды қадам болмақ.
Полицияға келіп түскен хабарламалар тіркеліп, белгіленген тәртіпке сай қаралады. Сервисті eGov Mobile және кейбір банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Өтініш беру үшін қосымшада «Заң мен Тәртіп» батырмасын таңдап, құқық бұзушылықтың түрі мен болған орнын көрсетіп қысқаша форманы толтыру жеткілікті. Ақпарат автоматты түрде полицияға жолданады. Айта кетейік, цифрлық технологияларды қолдану азаматтар мен полиция арасындағы өзара әрекеттестікті ашық, ыңғайлы және жедел етіп, қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге ықпал етеді.







