Úı ANONS Зейнеткерлерге жаңа мүмкіндік

Зейнеткерлерге жаңа мүмкіндік

Шымкенттік зейнеткерлер мәдени нысандар мен спорт кешендеріне ақысыз кіре алады. Оның ішінде хауыз, хайуанаттар бағы да бар. Сонымен қатар, барлық театрлар мен спорт кешендерінде спортпен шынығып, тегін жаттыға алады. Ол үшін қолында зейнеткер екенін растайтын құжаты болса жеткілікті. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. 

«Қариясы бар ел, қазыналы ел» деп бекер айтылмаған. Қариялар елдің шежіресі, ақыл-кеңестің бастауы, тәрбиенің тұтқасы. Осыған орай, қарттар күні қарсаңында түрлі игі іс-шаралар ұйымдастырылып, ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға ерекше көңіл бөлінуде. Ал Шымкент қаласының әкімдігі зейнеткерлерге бірқатар мәдени нысандарға және спорт кешендеріне тегін кіруді қамтамасыз еткен. Мәселен, зейнет жасындағы азаматтар Шымқала тарихи мәдени кешеніне, бассейн мен зообақтарға ақысыз кіре алады.

«Зообақта немерелерімен бірге серуендей алады. Бассейнге тегін бара алады. Көрсетілген мекенжай бойынша, куәлік көрсетсе жеткілікті. Қажымұқан орталық стадионының волейбол, баскетбол залында спортпен шыныға алады».

Мұндай игі бастамалар қарияларымыздың қоғамнан тыс қалмай, белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл өскелең ұрпаққа үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу секілді ұлттық тәрбиенің маңызын ұғындыратын тамаша үлгі дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, қалада зейнеткерлер үшін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар. Бұл нысан өзгге өңірлер үшін үлгі боларлық жоба деп отыр.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Шымкент қаласында ең алғаш бастау алған белсенді өмір сүру орталығы деген бар. Ол да біздің қарттарымызға белсендіі қызмет көрсетіп келеді. Осы Шымкенттің үлгісін басқа өңірлер алып, орталықтар ашылып жатыр. Оңтүстік басқа өңірлерге үлгі болып отырғанын айтқымыз келеді».

Қазыналы қарттарымызды көзі тірісінде бағалап, құрмет көрсетілуі тиіс. Себебі олар өмір бойы елдің дамуына еңбек сіңіріп, бүгінгі бейбіт күннің негізін қалады. Сондықтан, оларға құрмет көрсету әрбір азаматтың ортақ борышы.

Нұргүл Жолымбетова