Алғабас ауылындағы өрттен кейін ауруханаға жеткізілген үш адамның екеуі Жетісай аудандық ауруханасынан Шымкенттегі арнайы емдеу орталығына санавиациямен жеткізілді. Сонымен бірге төтенше жағдайлар министрлігі өрттің шығу себебіне байланысты алдын ала болжамын жариялады.
Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйден шыққан өрттен аман қалған үш адамның екеуі Шымкенттегі гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті ақпарат таратты. Ал денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өрттен зардап шеккен науқастардың өміріне қауіп жоқ екенін айтты.
Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау министрі: «3 науқастың жағдайы ауыр, тұрақты. Бір науқасты Шымкентке санитарлық авиациямен жеткіздік. Екі науқас өз орнында. Олардың бірінен жасанды тыныс беру апараты алынды. Олардың жағдайы қатаң бақылауда. Дәрігерлер қажеті ем-домды көрсететін болады. Қазір 3 науқастың өміріне қауіп жоқ деп айтуға болады».
Ресми мәліметке қарағанда, орталыққа жеткізілген екі адам арнайы медициналық мамандардың бақылауында. Сонымен бірге төтенше жағдайлар министрлігі жеке тұрғын үйде өрт неден шыққаны туралы алдын ала болжамын жариялады. Хабарламаға қарағанда, өрт электр ұзартқыштан тұтанған болуы ықтимал.
«Қазіргі уақытта өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығуына ақауы бар электр ұзартқыш себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр»
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ
Айта кетейік, Жетісайдағы қайғылы оқиға 18 қараша күні таңда болды. Екі қабатты тұрғын үйден шыққан өрттен 12 адам мерт болған еді. Олардың бәрі бір әулеттің адамдары. Өрттен зардап шеккен 3 адам ауруханаға жеткізілген болатын.
Дилара Иса






