Úı ANONS Балалар арасында тұмау күрт көбейді

Балалар арасында тұмау күрт көбейді

Шымкентте эпидемиологиялық ахуал әлі де болса күрделі болып тұр. Әсіресе балалар арасында тұмаудың таралуы тоқтамай жатыр. Дәрігерлер күніне әдеттегіден екі есе бала медициналық көмекке жүгініп жатқанын айтады. Сәйкесінше, аурухана да лық толған.

Шымкентте эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Әсіресе, балалар арасында тұмау басылар емес.

Дәрігерлер қаладағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты балалар арасында аурушаңдық дерлік екі есеге артқанын айтады. Соған байланысты балалар ауруханасында қосымша төсек-орындар қойылған. Соның өзінде аурухана лық толы. Мысалы, толықтай айтқанда балалар ауруханасында 499 орын болса, 556 бала емделіп жатыр. Бұдан бөлек шұғыл көмекке зәру балалар үшін үнемі 15 орын қорда тұрады.

Динара Жұмаділова, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері: «Қаламыздағы эпид ахуалға байланысты балалар арасында аурушаңдық өсіп отыр. Яғни, бұған дейін қалыпты жағдайда тәулігіне ауруханаға 300-350 науқас медициналық көмекке жүгінетін болса, жалпы аурухананы айтып отырмын. Оның ішінде хирургия сияқты науқастар бар ғой. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 800-850-ге жетіп отыр. Бұл 800-850 баланың ішінде 60 пайызы соматикалық, яғни өкпе-тыныс жолдарының қабынуынан түсіп жатыр. 850-дің 600-і болып тұр».

Дәрігерлер өткен аптаға қарағандай жағдай аздап тұрақталғанын айтады. Олар  ауруханаға жағдайы ауыр балаларды ғана алып қалып жатыр. Қалғанын емханаларға, амбулаториялық ем қабылдау үшін үйлеріне қайтарып жатыр. Мамандар бұл жылда болатын қалыпты жағдай деп түсіндіреді және ата-аналарды қорықпауға шақырады.

Динара Жұмаділова, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері: «Көбіне температура 39-40-қа көтеріліп жатыр. Бұл вирусты инфекцияға тән клиникалардың бірі. Баланың организіне вирус түскен кезде өзінің инкубациялық кезеңдері болады. Осы кезеңде температураның көтерілу шегі пайда болады. Мысалы, бірінші күні 38-39 пайда болса, ары қарай 40-градусқа дейін.  Егер де жеңіл түрі, орта дәрежелі болса ондай науқастар амбулаториялық ем алуға қайтады. Егер ол ауыр түрдегі науқас болса, оларға кімдер жатады, температурасы тұрақты үспей жатқан, сударгы беріп жатқан, сонымен қатар тыныс жетіспеушілігі бар, сатурациясы төмендеген, ентігу белгілері бар науқастар үйге қайтарылмайды. Ауруханаға жатып жатыр».

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мұны маусымдық аурулар деп бағалайды. Тұмау күз түсіп, күн суыта басталып, көктемге дейін жалғасады дейді. Тұмау және тұмау тектес аурулар ауадан жұғатынын айтады. Аурудың жаппай таралуын алдын алу тұмаку жұқтырған адамның толық емделгенше қоғамдық орындарға шықпауын сұрайды.

Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қалалық СЭБД басшысының орынбасары: «Грипптің А мен Б түрлері бар. Олар да жүреді. Грипптің А мен Б түрінде қазір басы болып келе жатқан А түрі. Оны тек зертханамен зерттеп отырып анықтайды. Қай түрі, қандай вирустар жүріп жатқандығын. Сонымен қатар, тұмау тектес инфекциялар бар. Олр да қазір жүріп жатады. Қазіргі таңда қаламызда адамдардың ауырып жатқаны бірінші кезекте ауырған адам оқшауланбай қоғамдық орынға шығып, қоғамдық автокөлік арқылы, мектепке, балабақшаға бару және жұмысқа бару арқылы таратып жатқан жайы бар».

Тұмаудың алдын алудың бір жолы, екпе салу дейді мамандар. Дегенмен, мемлекеттен тегін екпе арнайы тіркеуде тұрған, жүкті әйелдер мен қарияларға беріледі. Жалпы есептегенде, халықтың 12 пайызына салынады. Қалғаны ақылы екпе салуға болады. Айта кетейік, қыркүйек айында бұл ауруды 90 мыңға жуық адам жұқтырған. Ал қазан айының есебі әлі шықпаған.

Дилара Иса