Шымкент полициясы қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды белсенді қолдануда. Бүгінде құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге мүмкіндік беретін озық тіркеу және бейнемониторинг жүйелері енгізілген.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының №31 учаскелік тірек пунктінің қызметкерлері дронның көмегімен өздеріне тиесілі аумақты аралап, бірнеше құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтсақ, дронның көмегімен қалдықтарды заңсыз тастау жайты анықталды. Жүк көліктері рұқсат етілмеген орынға қоқыс тастаған. Құқық бұзушылар жедел анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, дрондарды қолдану қолжетімсіз жерлерде экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Полиция қала аумағын абаттандыру ережелерін қатаң сақтауға шақырып, тек бірлескен күшпен тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге болатынын еске салады.







