Úı ANONS Өмірге өлердей ғашық жан…

Өмірге өлердей ғашық жан…

фото womancosmo.ru

Оның аты – Іңкәр. Іңкәр десең іңкәр ғой, шіркін. Айтулы аудандағы демалыс орнында таныстым. Ең суық өңірден келіпті. Бірақ жаздай жадырап жүретін, жаны жәудір жандардың қатарынан екен. Бір көргеннен-ақ бауырмалдығымен баурап алды. Екеумізге бір бөлме тиді. Жанымызға тағы бір гинеколог қосылды. Зейнетке шыққан екен. Мінезі жайсаң болып шықты. Үшеуміз бір-бірімізге сай болып шыға келдік. Іңкәр күн сайын бірдеңе ойлап табады.

«Ұйықтауға келген жоқпыз. Ем шараларды алып болған соң, тауға шығайық, жақын маңдағы ауылды аралайық, қарапайым ауылдықтардың өмірі маған таңсық. Анау бір әулиелі жер бар екен соны барып көрейік…». Әйтеуір күн сайын тыным таптырмайды. Бір күні би кешіне сүйрейді, екінші күні дәмханаға. Күндеріміз қызықты өтіп жатты. Ол өмірге өлердей ғашық болып шықты. Әр сәтін қалт жібермей біреуге көмек көрсетуге, қызықты әңгіме айтып көңілін демеп жіберуге асық болып тұрады. Өмірге деген іңкәрлігіне таң қалдым. Оның да өзіндік сыры бар екен…

 

Бүкіл корпустағы демалушылардың барлығы да Іңкәрға ынтық болып шықты. Кәрі –жасы түгел. Алдынан шыққан кез-келген адаммен амандасады. Қайтарма жауап болса болды, болмаса көңілі түспейді. Қартаң адамдарды баспалдақтан демеп жіберіп, дүкенге барып, керек жарағын әкеліп береді. «Мың болғыр бала екен, өзі» деп қариялар сүйсіне батасын беріп жатады. Ал жастар… Бәрі Іңкәрдің соңында. Өзі де сыр мен сымбаты келіскен, мінезге де бай арулардың қатарынан болып шықты. Түс қайта демалушы едік. Күш-қуаты тасып тұрған Іңкәріміз дамылдауға мұрша бермейді. «Онсыз да өміріміздің жартысы ұйқымен өтіп жатыр ғой. Мына өмірдің ғажабын, кереметін көріп қалайық та. Әр сәтті, әр мезетті бағалай білейікші…» деп тағы бір жаққа жетелей жөнеледі. Үлкендер жағы «келінім осындай болса ғой» деген арманға иек артса, жігіт біткен «жарым болса» деп соңында жүр. Елдің бәрі түскі ұйқыға кеткен уақытта «бақшаға барайықшы» деп қиылды Іңкәр. Көңілін қимадым. Тербелмелі әткеншекке отырып өз өмірін сыр ғып шертті.

 

«Мен шыр етіп дүниеге келмей жатып анамды жалмап туған жанмын. Тоғыз ай, он күн көтерген асыл анам менің даусымды естіген соң үзіліп кеткен екен. Жетім деген атты жамап, нағашыларымның қолында өстім. Олар маған бір күнде жетімдіктің не екенін білдірген жоқ. Әкем арада ай өтпей-ақ үйленіп алған. О кісіге де өкпем жоқ. Ағам мен әпкелерімді өсіріп, бағуды да ойласа керек. Өгей ананың жыры белгілі ғой. Мен түгілі қолында өскен бауырларыма жарытып қарады деп айта алмаймын. Бәрі де әйтеуір кәмелет жасына жеткен соң өз өмір соқпақтарына түсіп туған ұяларынан құтылғанша асыққаны анық… Нағашыларым бақуат тұрады. Өздерінің бизнестері бар. Маған ешқандай да жаттық көрсеткен жоқ. Әсіресе нағашы жеңгеме разымын. Өз баласынан кем қылмай өсірді. Туған анамдай болды десем де артықтық етпес. Ештеңеден кемдік көрмедім. Елдің алды етіп киіндірді. Қалауымның бәрін орындап отырды. Тіптен кейде шектен шыққан еркелігімді де көтерді. Өмір маған өштескендей он үш жасымда қант диабеті деген аурудың құрсауына шырмалдым. Өзегім өртенсе де тағдырдың басқа салғанына шара жоқ екен. Ағам мен жеңгем тіпті шетелге дейін апарды. Құрсауына бір қармап алған дерт құтқармайды білем. Құтыла алмадым. Қайта күшейіп кетті. Ағам мықты дәрігерлерге апарып, солардың нұсқауымен ғана ем қабылдай бастадым. Жеңгем түнімен ғаламторды шарлап дертіме дауа іздей бастады. Сағат сайын қант деңгейін тексеріп отырамыз. Ішкен жегенімнің бәрі бақылауда. Әу баста дерттің дегеніне көнгім келмей, біраз қиналдым. Бірақ бәрібір құтыла алмайтынымды түйсініп, мойынсұнбасқа амалым қалмады. Өмір бойғы анама деген сағыныш, бауырларыма деген сағынышты тартқанымдай аздай, енді мына ауру… Депрессияға түстім. Жеңгем көзіқарақты жан, балаларын ысырып қойып, менімен айналысуға кірісті. Нешетүрлі кітаптар оқып, психологтарға апарды. Ақыры дертке тұсау салғандай болдық. Көндіктім. Амалым да жоқ-ты. Жеңгем шетелден өте қымбат тұратын арнайы құрылғы сатып әперді. Уақытылы инсулин салып отырғаннан көрі мына аппарат жақсы екен. Қант деңгейін өзі реттеп отырады. Соңымнан ерген жігіттерді көрдіңіз ғой. Біріне де қарағым келмейді. Жаным ашиды. Өзіме ме, әлде өзгелерге ме, әйтеуір түсініксіз бір сезім. Балаларымның көп болғанын қалаймын. Бірақ мына дертпен ол мүмкін бе, әлде жоқ па, білмеймін… Қанша ғұмырым бар екенін білмеймін, бірақ мына өмірдің әр сәтіне, әр мезетіне ғашықпын», — деп аяқтады әңгімесін. Не деп жұбатарымды білмедім…

 

Ертесі түскі ас кезінде Іңкәр кешігіңкіреді. Қасымдағы гинеколог апайым «оның бала көтеруді мүмкін емес. Қант деңгейі өте жоғары. Тұрмысқа шықпай-ақ қойса да болады» деді. «Олай шорт кеспеңіз. Құдіреті күшті Алланың мейірімі шексіз ғой. Бәлкім арманы орындалар…» дедім мен… Демалыс орнынан бір-бірімізді қимай-қимай қоштастық. Нөмерімізді жазып алып, хабарласып тұрамын деді өмірге ғашық қыз…

 

Арада бірталай уақыт өтті. Мерекелерде ұдайы құттықтап тұрады. Әлеуметтік желідегі парақшаларын қарап отырамын. Көңіл түсіретін бір сөз жазбайды ғой, шіркін. Тек қана көңілді мезетін, ойға келген орамды ойларын бөлісіп отырады. Бір күні сәукеле киген суретін көріп қалдым. Өмірге іңкәр қыздың өз бақытын тапқанына шын қуандым. Енді ол үшін тілек тілей бастадым. Өмір өкпелетсе де, бір сәт те болса көңіліне көлеңке түсірмеген ғажайып жанның осы бір ерлігін Аллам ескеретін шығар. Перзентті болуын нәсіп етші де шын тілектестігімді білдірдім. Арада апталап айлар, жылжып жылдар өте берді. Бір күні желіге бесіктің суретін жүктепті. Жүрегім жарыла қуандым. Құдіреті шексіз Аллам сенімі мол пендесін осылай жарылқаған екен.

 

Расында да ол қандай бақытқа да лайықты-тын. Өмірі күресумен өтіп келе жатқан қайсар қыздың тілеуі, бар арманы орындалуға тиістей көрінген. Солай болғанына шын қуандым…

 

Гүлжан КӨШЕРОВА