Úı ANONS Жылына қанша қасқыр атуға болады?

Жылына қанша қасқыр атуға болады?

Түркістан облысында мыңға жуық қасқыр, 5 мыңға жуық шибөрі бар. Олардың санын реттеу үшін жылда аңшыларға лимит беріледі. Биыл қанша қасқыр және шибөрі атуға рұқсат берілді?

Биыл Түркістан облысында 368 бас қасқырды, 2400 бас шибөріні атуға рұқсат берілген. Рұқсатты 1700-ге жуық аңшы алған. Қазіргі таңда Сауран, Төлеби және Түлкібас ауданының тұрғындары облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан көмек сұрап, хат жазған. Екі аңның қарасы көбейгенін, малға, тіпті адамға шауып жатқанын айтып, дабыл қаққандар бар.

Жылда аңшылар тегін, ақысыз аң атуға көмек беріп келген. Биыл олардың құлқы жоқ көрінеді. Инспекция мәселе аңшыларда емес, жергілікті әкімдікте дейді. Мысалы, әкімдік аңшыларға жол сілтемеген. Аңның қайда, қайдан келгені айтылмаған. Рұқсаты бар, шақыртумен келген аңшыны полиция мен табиғатты қорғау мекемелері тексеріп, мазалаған, жұмысына кедергі еткен.

БАҚЫТ МҰСАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Негізі облыс аумағында қасқыр не шибөріні ешқандай оқ, қаражат қаралмаған. Және атылған жағдайда атылған аңды теріп әкету, қанша бас атылғанын рәсімдеу жұмыстары жүргізілмейді. Аңшылар өздері атады. Қару-жарақты өздері сатып алады. Барған кезде аңшының кіруге болатын, болмайтын жері бар. Сол жерлерде шатасып, кіруге болмайтын жерлерге кетіп жатады. Тоғайдың арасына. Сол кезде табиғат қорғау мекемелері сіздің рұқсатыңыз бұл жерге жарамайды деген уәж айтады. Ал әкімдіктегілер көмек сұрап, жіберуді өтінеді. Барған жағдайда аңшыларға қасына адам қосып беруді, мүмкіндік болғанда оқ-дәрімен қамту, азық түлік беру фактілері орын алып жатқан жоқ».

«Міне, 1 күнде екі атты жеп, екі тайды тартып кетті».

Дәл қазір Бәйдібек ауданында бірнеше ауылда қасқыр үйірімен қорадағы малға шауып, тартып кетіп жатыр. Бұған алаңдаған тұрғындар әкімдікке шағымданған. Әкімдік мәселені зерттеп, инспекцияға жолдайтынын мәлімдеген еді. Инспекция әзірге әкімдіктен хат түспегенін айтады. Және биылдыққа бұл ауданнан қасқыр атып, олжаладым деп ешбір аңшы ақпарат бермеген.

БАҚЫТ МҰСАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Бәйдібек ауданынан қасқырды атып беріңіз деген өтініш біздің мекемеге түскен жоқ. Өтініш келіп түскеннің өзінде біздің мекеменің оған мүмкіндігі жоқ. Біздің мекемеге берілген оқ-дәрілердің бәрі тіркелген. Және оған қаражат қаралмаған. Оқ-дәріге де, басқа да жұмыстарға. Аңшылар, арнайы рұқсат алған азаматтар олар бір жерге бекітілген қызметкерлер емес. Бизнесмендер, немесе мекемеде жұмыс істейтін мамандар. Оларға айтылған жағдайда олардың қолдары қай уақытта босайды, сол уақытта барып, жәрдем беруге дайын».

Инспекция мәліметінше, өткен жылы аңшылар 10 рет аудандарға шығып, қасқыр мен шибөрілерді аулауған. Атқан аң туралы ақпарат жылда қаңтар айында жинақталады. Сондықтан қазірге лимит бойынша қанша қасқыр не шибөрінің көзі жойылғаны туралы ақпарат жоқ.  Жалпы облыс аймағында 5 мыңға жуық шибөрі, 860 бас қасқыр бар. Ал қасқыр атып, санын реттеу жұмысы 2016 жылы Отырар ауданынан басталған.

Дилара Иса