Úı ANONS Даму деген курс сатып алу емес…

Даму деген курс сатып алу емес…

фото Айару Совет

 

Бүгінде өзін өзі дамытқысы келетіндер көп. Біреулер заманауи мамандықты игеріп, көп ақша тапқысы келеді, енді біреулер мінез-құлқын өзгертіп жақсы жаққа өзгергісі келеді. Дамушы ортаға ұмтылатындар көп. Бұл бір жағынан жақсы да шығар. Ал медальдің екінші жағында…

Курс көп. «Еркектерді еліктірудің 10 жолы», «Ең сүйікті бол», «Байып кетудің 5 формуласы», «Ақша жаудыратын аффирмация», «Байлық психологиясы», «Құндылық», «Хәл» марафоны… Осылайша тәспінің тасындай тізбектеліп кете береді. Сұраныс жоқ жерде ұсыныс та болмайтыны белгілі. Көзді ашып жұмғанша тез байып кетуді қалайтындар курс сатып алу марафонының алдын бермей жүр. «Миллион тұратын курсымды сіздерге болмашы тиын тебенге беріп жатырмын. Өйткені бар қазағым бай болса екен деймін» деп қамқорлық танытатын инфосаудагерлер қара халықтың қалтасын қағуда. Ал курс сатып алушылар бір-бірін қайталау, бұрынғы сабақтарды со күйінше сатуда деп қапалы. Ешкім ешкімді «курс сатып ал» деп  қинап жатқан жоқ қой. Дегенмен өзін өзі дамыту деп аталатын аламан бәйгеге ат қосқандар көбейіп барады. Нәтиже шықса жақсы ғой. Айтқан техникаларының бәрін жасап, тез арада байлыққа күмп ете қаламын дегендер сағымның соңынан қуғандай болып жүр. Ал инфосаудагерлердің бес бидайы түгел. Адамдарды алдап қақпанға түсірудің нешетүрлі айла тәсілін меңгеріп алған. Тіпті гипноздап тастағандай курстан кейін курс сатып алып, марафон біткеннің жолында жүргендер қаншама.

Жуырда ғана әлеуметтік желіде қазақтың мықты қаламгер қыздарының бірі Мәриям Әбсаттар «Курс деген — есірткі. Осы ғасырдың дерті. Алған сайын ала береді, ала береді. Қарызға бата береді, бата береді. Бірақ бірде-біреуінен нәтиже шығармайды. Себебі ол да құмар ойыны сияқты, адамды еліктіріп, құрдымға кетіре береді…» деп жазған болатын. Алып қосарым жоқ. Дөп сөз… Ал сіз ше? Аламанға ат қосып жүрген жоқсыз ба?…

Расында да… Тағы бір курс, бәрі міндетті түрде өзгеретін сияқты…
Біз оқимыз, курс сатып аламыз, тренингтерге қатысамыз, жаңа мамандықтарды қуамыз, бірақ шындық — ДАМУ деген саналуан сертификаттар жинағы емес. Бұл тереңдікке апаратын жол. Сіз тым бетінен ғана қалқыған емес, тереңдетілген психологиялық емдеуден өткен кезде ғана дамисыз. Кейде курс сатып ала берудің артында қорқыныш тұруы мүмкін. Өзіңнің жан дүниеңді түсінуден қорқу. Тоқтап, тоқырап қалудан қорқу. Өйткені, іштей үңіліп, өзіңе: «Мен кіммін? Кімге пайдалы болуым мүмкін?» деп сұрағаннан гөрі белсенділік тудыру оңайырақ, яғни мен дамып жатырмын деп, пайдасы бары бар, пайдасы жоғы бар әйтеуір бірінен кейін бірі курс сатып ала беру. Бұл қайда апарып соқтырады? Ойланып көрдіңіз бе? Жауаптарды курстардан таба алмауыңыз мүмкін, бірақ өз ішіңізге, жан дүниеңізге үңіліп көріңізші. Бәлкім көп сұрақтың жауабын сол жерден табарсыз…

Г.Жұмаш