Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп жатыр.
Дәл қазіргі уақытта қала әкімі тілшілер қауымы тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп жатыр. Шымкенттің іргесіндегі Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жабайы базардың, ондағы антисанитария жайлы, одан бөлек Бадам өзені жағалауындағы жардың жағасына заңсыз салынған үйлер жайлы қойылған сауалға әкім былай деп жауап берді: «Бадам өзенінің жағалауын бетондап, күшейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Заңсыз салынған үйлер мәселесіне келер болсақ, көбісі кезінде заңдастырып алған. Жардың жағасында 5-6 метр жерде орналасқан үйлер бар, ол кісілер кеткісі келмейді. Үйреніп қалған жерлерінен көшкісі келмейді, запростары өте үлкен… Ал жабайы базар мәселесіне келер болсақ, бүгінде қаладағы базарлардың барлығы да модернизациядан өткізілуде. Ал сіз айтып отырған орталық көшедегі базарды қанша мәрте өтіп жүріп, көрмеген екем… Бұл мәселе бойынша сауалды баспасөз хатшыға жолдаңыз. Жауап береміз…».
Тілші: «Сіздің баспасөз хатшыңыз жоқ қой», -деді.
Әкім: «Баспасөз қызметіне жолдаңыз», — деді.
Баспасөз хатшы туралы әкім нақты жауап берген жоқ. Бұл сауал көптің көкейінде қалды.







