Әлеуметтік желіде отырмайтын әкім! Елордалық тілшілер алдында Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желілерде отырмайтынын айтты. Базарларды реттеу, қаланың ауасын тазарту, жасөспірімдер суициді сынды маңызды мәселелер тұрғанда әкімнің әр постқа лайк басып отыратын уақыты жоқ. Тіпті атышулы деген «Берденов ісі» де әкім араласатын шаруа емес. Ол құзырлы органдардың ісі. Шымкент әкімінің Астанағы брифингінде тағы не айтылды? Елордалық тілшіміз тарқатып айтады.
Астанаға есеп бере келген өзге әріптестері секілді Ғабит Сыздықбековтің баяндамасы да оптимизмге толы болды. Айталық Шымкент, Астана мен Алматы секілді республикалық бюджеттің доноры болмаса да өңірдің экономикалық өсім көрсеткіштері де баршылық. Халықпен тығыз жұмыс істейтінін білдірген әкім әлеуметтік желілерінде үнемі белсенділігін көрсетіп келеді. Бірақ ол баспасөз қызметінің жұмысы екен. Өз басы әлеуметтік желі, лайк деген мәселелерден аулақ.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мен жалпы мына пиар, лайк дегенмен айналыспаймын. Менде инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерде ресми парақшаларым бар. Онымен мен емес, баспасөз қызметі жүргізеді. Ашығын айтқанда. Маған керекті жерлерін жолдап отырады. Менің телефонымда, мен сізге көрсете аламын, менде әлеуметтік желілер жоқ, себебі, уақытым жоқ. «Лайк баспа, басу» деген менің, біздің дәрежемізден төмен деп санаймын».
Шымкент демекші, Руслан Берденовтің оқиғасын бүкіл ел болып сөз қылып жатқанда, үн қоспаған осы әкім ғана еді. Елордалық тілшілердің алдында өз орынбасарының басындағы жағдайға қатысты алғаш рет тіс жарды. Онда да еш тереңдемей, құзырлы органдарға сілтеумен ғана шектелді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мен не деп айтам? Жаңа айтып кеттім, біз құқық қорғау органы емеспіз. Болмаса, сот шешімін шығаратын орган емеспіз. Болған жағдай орын алды, онымен арнайы органдар айналысты. Сот өзінің үкімін шығарды. Кінәлі адамдар өз жазасын алды».
Әкімнің өз басынан бөлек, елдегі үшінші мегаполистің мәселесі аз емес. Түтінге тұншыққан Алматының қатарына бүгінде Шымкент те қосылған. Айталық, Қазгидромет 25 қарашада ауадағы ластану деңгейі артып, күкіртсутегі көрсеткіші қалыпты мөлшерден 1,71 есеге асып түскенін жариялады. Жұрт аузында оның бәрі арнайы экономикалық аймақтан кеп жатқаны айтылады. Оның үстіне, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид бойынша да Шымкент антилидерлердің қатарында.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Жалпы, біздің анықтағанымыз, көбіне кішкентай балаларға мынау әлеуметтік желілердің ықпалы бар. Одан бөлек, үйіндегі жағдай. Мысалы, өткенде бір-екі жағдай: әке-шешесінің арасындағы ұрыс, болмаса ажырасуы салдарынан, мектепте мұғалімдердің ұрысқан жағдайлары бар. Ол бойынша жұмыс жүргізіледі».
Мемлекеттік қызметкерлердің түрлі жемқорлық дерегіне қатысты сұрақтардың жауабын тергеу органдарына сілтеумен болған Сыздықбеков қала бюджетін барынша үнемдеп жатқанын да айтты.
Ербол Тұрымбет







