Úı ANONS Шымкентте 15 адамға үкім шықты

Шымкентте 15 адамға үкім шықты

фото istockphoto

Шымкенттегі №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты үкім оқылды. Сотталушылардың бірнешеуі бас бостандығынан айырылса, кейбірі рақымшылық заңына ілінді. Ал енді бірі ақталып шықты. Мәселенің мән-жайын сотқа қатысып қайтқан әріптесім Дилара Иса тарқатады.

19 желтоқсан күні кешке Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты үкімді оқыды. Үкімді тыңдауға келген адамдар көп болып, сот залы лық толды.

Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы Жомарт Мұрашимов тамыз айында қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған еді. Тергеу изоляторында комаға түскен ол есін жимаған күйі қайтыс болды. Сотталушыға «Заңсыз сыйақы алу», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру», сондай-ақ «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айып тағылған. Алайда ол тергеу барысында да, сотта да кінәсін мойындамаған.

САМИДДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, СУДЬЯ: «Мардан Дінмұханұлы… 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».

Сот қалған 14 адамның тоғызын Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу» бабымен кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда рақымшылық заңына сәйкес олар негізгі жазадан босатылды. Ал «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен тағылған айып дәлелденбегендіктен, бұл бап бойынша ақталды. Қалған 5 адам аталған екі баппен де кінәлі деп танылды. Сот үкімімен біреуі 6 жыл 8 айға, төртеуі 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі оқылған сәтте сотталушылар мен олардың туыстары көз жасына ерік берді. Кейбірі үкіммен келіспейтінін білдірді. Алайда сотталушылар да, олардың қорғаушылары да үкімге қатысты ресми пікір айтпады.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ. Сот бұл істі тамыз айынан бастап қараған. Бұған дейін Шымкент қалалық прокуратурасы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы мен қызметкерлері заңсыз жүргізуші куәліктерін рәсімдеуге жол бергенін хабарлаған еді.

Прокуратура дерегінше, күдіктілер бұл қызметі үшін 150 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ақы алған. Нәтижесінде айыпталушылардың заңсыз табысы 150 миллион теңгеден асқан.