Úı ANONS Шымкентте басты шыршаның шамы жағылды

Шымкентте басты шыршаның шамы жағылды

Шымкенттің басты алаңында қаланың басты шыршасының шамы жағылды. Бұл мерекелік шараға ересектермен қатар, кішкентай бүлдіршіндер қатысып, қаланың мыңдаған тұрғындары жиналды. Ұйымдастырушылар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Жаңа жыл қарсаңындағы басты думанды кешті алдағы бейнематериалдан көре аласыздар.

Астана алаңы қала тұрғындары мен қонақтарына лық толы болды. Өйткені, шаһардың бас шыршасының шамы жағылды. Думанды кешке қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қала тұрғындарына ізгі тілегін білдірді. Мерекелік көңіл күй мен ерекше сәтті асыға күткен тұрғындар үшін бұл іс-шара айырықша қуаныш сыйлады. Мәселен, ашық аспан астында мәнерлеп сырғанаушылардың әсерлі өнері көпшілікті тәнті етті.

ОЛЕГ МЕЛЬНИКОВ, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫ: «Бізде батл өтті, сондай-ақ менің екі жеке нөмірім көрсетілді. “Бриллиантты қол” және хард-рок әуеніне қойылған қойылым. Мерекелік атмосфера керемет сезіледі. Көрермен өте көп болды, қолдау айырықша байқалды»

Кештің ең әсерлі сәті, бас шыршаның жануы болды. Айта кету керек, 18 метрлік шырша жасанды емес. Бұл қала тұрғыындарын таңқалдырып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал, аяз ата мен ақшақар жаңа жылдың сәнін келтірді.

Мерекелік кеште қазақстандық танымал әншілер де сахна төріне шықты. Олар өздерінің әсерлі әндерін орындап, көпшілік тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Әрбір өнер иесі қала тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, жаңа жылдық шыршалар бір мезгілде қаланың бес ауданында жағылды. Еңбекші ауданында – Алатау саябағында, Әл-Фараби ауданында – Арбатта, Тұран ауданында – Достық үйі аумағында, Абай ауданында – Наурыз алаңында және Қаратау ауданында Астана алаңында өтті. Биыл жаңа жылды тойлауға бюджеттен 99 млн. теңге бөлінді.

Нұргүл Жолымбетова