Шымкентте дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Мерекелік кешке әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қатысты. Оқушыларға Мемлекет басшысының атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Шымкенттегі дәстүрлі Президент шыршасы ерекше атмосферада өтті. 300 оқушы қатысқан шарада шат күлкі мен қуанышқа толы сәттер көп болды. Қызықты қойылымдар мен сүйікті ертегі кейіпкерлері балаларды қиял әлеміне жетеледі. Бұл мерекені оқушылар ұзақ күтіп, тіпті әдемі киімдерін де алдын ала дайындап келіпті.
БАТЫРШАЙХ ҚҰРБАНШИВ, ОҚУШЫ: «Мен бүгін темір адамның киімін киіп келдім. Өз өнерімді шыршаның алдында көрсетемін. Мен Президенттен сыйлық алайын деп жатырмын. Өте қатты қуаныштымын. Мен жаңа жылды күтіп жүрмін»
Жаңа жылдық кеште балаларға Президенттің атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Әр оқушыға құны 120 мың теңгелік планшет, сондай-ақ тәттілер мен жұмсақ ойыншықтар берілді. Қала әкімі балаларды мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Қымбатты бүлдіршіндер, сіздер біздің еліміздің ең басты байлығымызсыздар. Жарқын болашағысыздар. Әрқашан жалт-жұлт көңілдеріңіз бізді қуантып жүре беріңіздер. Жаңа жылда барлық армандарыңыз орындалсын. Сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар. Дендеріңіз сау болсын! Біз сіздерге жақсы азамат болып өсулеріңізге барынша жағдай жасап береміз. Қолдаймыз»
ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Оқу ағарту министрлігінің берген нұсқамасына сәйкес бүгінгі іс-шараға әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан, көпбалалы отбасыдан шыққан балалар, қамқоршысыз қалған балалар қатысып отыр. Және бұл жерде ерекше білім беруді қажет ететін балалар да бұл тізімге енген. Тізімді іріктеу барысы екі кезеңнен жүрді. Бірінші білім беру ұйымдарында іріктеу өтті. Кейін білім басқармасының жанында құрылған арнайы комиссия тізімді қарап, құжаттардың бәрін нақтылап, іріктеуден өткіздік»
Президент шыршасына келген балақайлар үшін бағдарлама интерактивті алаңдар мен түрлі тосынсыйларға толы болды. Мерекелік көңіл күй сыйлау үшін Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетілді. Аниматорлар да оқушыларды қуантуға барын салды.
Лаура Бабас






