Кеше кешке Шымкенттегі ескі жатақханалардың бірінен өрт шығып, ондаған отбасын үрейге салды. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Төтеншеліктер тұрғындарға сақ болуға шақырды.
12 желтоқсанға қараған түні Шымкент қаласы Тассай ықшам ауданындағы 5 қабатты жатақхананың 3-ші қабатынан өрт шықты. Әбүйір болғанда жалын шарпығанын тұрғындар байқап, көмекке шақырған. Түн ішінде тілсіз жаумен күресті өздері бастаған тұрғындардың сөзінше, өрт электр желісінен шыққан.
ТҰРҒЫН: «Келдім, жүгіріп келдім. Пах-пах болды. Атылды. Айқайладым беске, айқайладым. Өрт, өрт деп айқайладым. Бүкілі шықты этаждан. Біздің өміріміз қыл үстінде шыны керек».
Тұрғындардың сөзінше, жатақханада 100 шақты отбасы бар. Онда кемі 300 адам өмір сүреді. Дәліздегі электр желілері ашық-шашық жатыр. Табиғи газ тартылмаған, тамақ істеу үшін газ баллонын пайдаланады. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт болғанын растады. Хабарлауынша, 3 қабаттағы электр қалқаны жанып кеткен.
НҰРДАУЛЕТ ЕРҒАЛИ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілердің үйлестілірген және жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмей, толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда».
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ
Мамандар тұрғындарды электр құралдарын пайдалану кезінде абай болуға шақырады. Құралдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаумен бірге, жүйеге шамадан тыс жүктеме түсірмеу керектігін де ескертеді.
Дилара Иса






