Қазіргі таңда дрондар Шымкенттің әр саласында өз орнын тапқан. Полиция қызметкерлері ұшу құрылғылары арқылы қаладағы жол қозғалысын қадағалап, қауіпсіздікті сақтауға күш салса, өрт сөндірушілер бұл технологияны тілсіз жаудың алдын алу үшін белсенді пайдаланады. Кішкентай, бірақ керемет аппарат туралы алдағы сюжетте айтамыз.
Шымкентте дрон технологиялары кеңінен қолданысқа енді. Қазіргі таңда ұшу аппараттары жол қозғалысының қауіпсіздігін бақылауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектесіп жүр.
Мәселен, Шымкенттік полицейлер дрондарды пайдаланып, рейдке шығып жүр. Тексеріс «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған. Бақылау жұмыстары кезінде 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігі жаяу жүргіншілерге жол бермеу жағдайларымен байланысты екен.
ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Іс-шара барысында 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда: жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 9 фактісі, қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 2 фактісі тіркелді. Айта кетсек, өткен жылдың алғашқы үш айында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында дронның көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 400 фактісі тіркелген».
Полицейлер дрондарды жол қауіпсіздігі үшін пайдаланып жүрсе, қала әкімдігі бұл ұшу құрылғыларын өрттің алдын алу және заңсыз құрылыстарды анықтау мақсатында қолданып жүр. Мәселен, былтыр қала аумағында стационарлы 5 дрон жұмыс жасады. 3 ай пилоттық режимде 350-ден астам қашықтықтан мониторинглеу жұмыстары жүргізілген.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Өрт шығуын алдын алу бойынша 43 ұшу жүргізілген. Одан бөлек, заңсыз құрылыстар бойынша, және де заңсыз қоқыстар алаңшасын анықтау бойынша ұшуларды жүзеге асырған. Бүгінгі таңда пилот аяқталған. Қазір сол тиімділігі бойынша тиісті басқармалармен бірлесе отырып, ұсыныс енгізу үстіндеміз»
Ұшу құрылғылары осы аз ғана уақыт ішінде өз тиімділігін көрсете алды. Мәселен, қыркүйек айында «Бай Парк» ойын-сауық орталығындағы өрт кезінде дрондардың көмегімен төтеншеліктер жағдайды жылдам бағалап, жедел әрекет етті. Еске салсақ, қызыл жалын салдарынан алты адам аурухана төсегіне таңылған еді.
Айта кетсек, қалада орнатылған бес автономды станцияның әрқайсысы дрондардың 5 шақырымға дейін ұшуына мүмкіндік береді. Бүгінде бұл жүйелерді толық пайдалануға енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
Лаура Бабас






