Алматы, Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облысында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін оларды шетелге шығарып отырған қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі ақпарат таратты.
Полиция күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлегенін анықтаған. Қазірге 15 дерек белгілі, өзге оқиғалар анықталып жатыр. Күдіктілерді тінту кезінде қарумен қоса қылмыстық әрекеттерін растайтын құжаттар табылған. Оқиғаға қатысты бірнеше бап бойынша іс қозғалып, 6 адам қамауға алынған.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ: «Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан. Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған».
Дилара Иса







