Ұлттық қордан балалардың шотына төлемдер қашан түседі деген сұрақ көпті мазалап жүр. Жалпы бұл төлемдер қоғамда әртүрлі пікір тудырғанымен, әлі де жас қазақстандықтарға арналған әлеуметтік әрі материалдық қолдау шарасы болып қала береді.
Сондықтан, көпшілік балаларға қаржылай көмек көрсетілетініне оң баға беріп, оны болашаққа жасалған қор деп санаса, ал кейбір азаматтар бұл соманы аз деп есептейді. Соған қарамастан, бағдарлама іске қосылғалы бері кәмелет жасына толған жүздеген мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерген.
Жас қазақстандықтардың жинақтаушы шоттарына қаражат 1 ақпаннан кешіктірілмей түседі. Бұл туралы біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады. Алайда төлемнің нақты мөлшері тек шотқа аударылғаннан кейін белгілі болады.
«Есепті 2025 жылғы нысаналы талаптар, сондай-ақ, инвестициялық кіріс нысаналы талаптарға қатысушыларға 1 ақпаннан кешіктірілмей есептелетін болады. Бұл ретте 2008 жылы туған, 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды есептеу де 1 ақпаннан кешіктірілмей жүзеге асырылады»
БЖЗҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Бұған дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысы өскен болатын. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша балаларға шамамен 100 доллар, ал 2024 жыл үшін 130 долларға жуық қаражат есептелді. Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық қорды басқарудың қазіргі стратегиясы консервативті күйінде қалып отыр. Тәуекелі жоғары құралдардың үлесін арттыру көбірек табыс әкелуі мүмкін. Алайда, қаражатты жоғалту қаупі де өседі.
ЖӘНІБЕК АЙҒАЗИН, AERC БАС ДИРЕКТОРЫ: «Инвестициялық табысты көбірек алу үшін, біріншіден, Ұлттық қордың негізгі көлемін азырақ жұмсау керек, екіншіден, тәуекелі жоғары инвестициялық стратегияға көшу қажет, яғни тәуекелі жоғары құралдарға қаржы салу керек. Бірақ бұл ұлттық және егеменді қорларға тән консервативті стратегиямен толық үйлесе бермейді».
Ұлттық қордан жас азаматтарға берілетін төлемдерді қазақстандықтар әртүрлі бағалайды. Дегенмен, көпшілік балаларға қандай да бір көмектің көрсетіліп жатқанына қуанышты.
«Иә, балаларым алды. Меніңше, бұл жақсы көмек, 18 жасқа келгенде ақшаны пайдалана алады».
«Меніңше, сома онша үлкен емес. Жеріміз бай, көбірек төлеуге болар еді».
«Иә, балаларым екі жыл бойы төлем алды. Осы бастама үшін президентке рахмет».
Айта кету керек, мақсатты жинақтарды қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдалана алады. Бағдарлама жұмыс істеген уақыт ішінде 205 мыңнан астам өтініш орындалды. Жалпы төлем көлемі 31 миллион доллардан асты, ал қаражаттың негізгі бөлігі тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсалған.
Нұргүл Жолымбетова






