Úı ANONS «Ордабасы» футбол клубы жаңа базада жаттығады

«Ордабасы» футбол клубы жаңа базада жаттығады

«Ордабасы» футбол клубының жаңа оқу-жаттығу базасы ресми түрде ашылды. Мұнда ойыншылар кәсіби тұрғыдан  дамып, тыңғылықты жаттығумен айналысады. Заманауи әрі көп функционалды кешеннің ашылу салтанатына қала әкімі мен қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер қатысып, нысанның лентасын қиды.

«Ордабасы» футбол клубының өзінің базасы болады. Жаттығу орны болады. Ешкімге жалынбайды. Ешкімге ақша төлемейді.

Бұл рас. Енді ордабасылық ойыншылар су жаңа базада дайындықтарын пысықтап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Нысанның ашылуына қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен қала әкімі  қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды.

Бұл кешенде футболшылар үшін толық жағдай жасалған. Атап айттар болсақ, халықаралық стандарттарға сай жасанды футбол алаңдары, жаттығу залдары және медициналық бөлім, сондай-ақ команданың тактикалық дайындық өткізуіне арналған арнайы бөлмелер жатын орындары қарастырылған.  Бұл ойыншылардың физикалық және техникалық деңгейін жақсартуға бағытталған.

БЕКХАН ШАЙЗАДА, ҚАҚПАШЫ: «Қуаныыштымыз. Түркияға оқу жаттығуға барып келген соң, бәрі дайын болады деп жатырмыз».

Айта кетейік, «Ордабасы» футбол клубының құрамында 5 легионер ойыншы бар. Олар өткен жылдан бері команданың сапында дейді кеңесші. Десе де алдағы уақытта команда қатары да тағы да жаңа футболшылармен толықтырылмақ.

ЕРМҰХАММЕД МӘУЛЕН, «ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ КЛУБЫ  ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: «Бізде енді тағы да квота бар. Бес легионер алуымызға болады. 22 қаңтардан бастап «Ордабасы» командасы 2 жарым апталық Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Сол жерде жаңадан футболшылар келе бастайды. Біз қазір Қазақстанның, Сербиядан, Еуропаның біршама клубтарында өнер көрсетіп жүрген жігіттерді сұрыптап жатырмыз. Олар алаңға келіп, жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Команданың бас бапкері Андрей Мартин кімді ұнатады, соны алатын боламыз.  Соны алады».

Айта кету керек, бұл нысанның  жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Мұнда аумақты абаттандыру, жолдарды асфальттау, сонымен қатар, Бадам су қоймасының жағалауы нығайтылып, инженерлік желілер тарту жұмыстары  жүргізілген.

Нұргүл Жолымбетова