Úı ANONS Ер адам «Сергек» камерасына мылтықпен оқ атып, сотқа тартылды

Ер адам «Сергек» камерасына мылтықпен оқ атып, сотқа тартылды

фото tumba.kz

Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі).  Сот 2025 жылғы желтоқсанда азамат М. «Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ» тас жолында пневматикалық мылтықтан оқ атып, «Сергек» бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу камерасына қасақана зақым келтіргенін анықтады. Оның әрекеті нәтижесінде «І.» ЖШС-не материалдық шығын келтірілді.

 Сотта құқық бұзушы өзінің кінәсін толық мойындап, келтірілген залалдың ішінара өтелгені туралы хабарлады. Жәбірленуші тарап залал толық көлемде өтелмегенін көрсетті. М.-нің кінәсі хаттамамен, полицияның хабарламасымен, жәбірленушінің жазбаша арызымен және құқық бұзушының айғақтарымен дәлелденді. Сот кінәні мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
 ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды не 5 тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот қаулысымен М. ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 196 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.