Úı ANONS Шымкент мектептерінде Kundelik платформасы сақтала ма?

Шымкент мектептерінде Kundelik платформасы сақтала ма?

Жуырда Kundelik платформасын Bilim Class жүйесіне алмастыру жоспарланып жатқаны жөніндегі ақпарат тараған еді. Бұл бағалау тәртібіндегі өзгеріс республика көлеміндегі мектептерге қатысты айтылған. Алайда оның Шымкентке қатысы бар-жоғы нақты айтылмаған. Мәселенің мән-жайын әріптесім анықтап көрді.

Жадыра Жұманова — алты баланың анасы. Оның балалары бірнеше жылдан бері Kundelik жүйесін қолданады. Сондықтан осы электронды журналға үйреніп қалғандарын айтады. Алайда үшінші тоқсаннан бастап бағалау жүйесі ауысуы мүмкін деген хабарды естіген соң, алаңдаушылық білдіріп отыр. Айтуынша, ата-аналар мен ұстаздар бұрыннан қалыптасқан жүйеге бейімделіп қалған. Оқу жылының ортасында жаңа платформаға көшу қолайсыз дейді көпбалалы ана.

ЖАДЫРА ЖҰМАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Оқу жылының ортасына келгенде басқа платформаға өту өте тиімсіз. Себебі оқушылардың ақпаратын екінші бағдарламаға өткізіп, оған үйретемін деп жүргенде оқу жылы аяқталады. Сол себептен ата-анаға да, оқушыға да, біздің ұстаздарға да тиімсіз деп ойлаймын».

Наразылық ата-аналармен шектелмейді. Бұл мәселеге педагогтер де алаңдаулы. №65 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары өткен жылы да платформаны ауыстыру тәжірибесі болғанын еске алады. Сол кезде ата-аналар деректерін жоғалтып, жаңа жүйеге үйрену едәуір қиындыққа соққан.

РАУШАН НҰРМҰХАМЕТОВА, №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: «Жылдың басында бүкіл оқушының  мәліметтерін енгіземіз ғой. Туған күні, ЖСН, ақпараттар. Оның бәрін қайта енгізу керек болады. Жылдың ортасында бұл  оқу процесіне кері әсерін береді».

Қалалық білім басқармасы платформа ауысады деген ақпаратты жоққа шығарды. Мамандардың айтуынша, бұл бастама еліміздің кей өңірлерінде деректер қауіпсіздігіне байланысты көтерілген. Ал Шымкентте мұндай жағдай тіркелмеген. Сондықтан қолданыстағы жүйеден бас тарту жоспарланбаған.

ШОЛПАН АЙТБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Электронды журналда барлық ақпарат бар. Ыңғайлы жүйе. Сондықтан электронды журналды ауыстыру туралы шешім шыққан жоқ. Күнделік плотформасы бойынша ата-аналдардан шағым түскен емес. Мұнда балаларының барлық көрсеткішін көре алады»

Бүгінде Шымкентте Kundelik платформасын мемлекеттік те, жекеменшік те мектептер пайдаланады. Жалпы алғанда, жүйеге 301 мектеп қосылған.

Әсел Мәлік