Úı ANONS Шымкентте 1440 бала туа біткен жүрек ақауымен есепте тұр

Шымкентте 1440 бала туа біткен жүрек ақауымен есепте тұр

Шымкентте 1500 — ге жуық бала туа біткен жүрек ақауларымен диспансерлік есепте тұр. Былтыр 58 балаға ота жасалған. Оның ішінде 34 -не өзіміздің өңірде операция жасалған болса, қалғандары республикалық деңгейде ем алған. Дәрігерлердің айтуынша, уақытылы араласпаған жағдайда, туа біткен жүрек ақаулары ауыр асқынуларға және тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, дер кезінде дәрігерге жүгіну қажет.

Осыған орай, Шымкент қаласына Heart Center Foundation Пациенттер мектебі арнайы семинар ұйымдастырды. Мұнда жүрек орталығының дәрігерлері педиатрлар, неонатологтармен тәжірибелерін бөлісті.

Ақмарал Құлтас — 28 жаста. Оның екі баласы бар. Кенжесі туа бітті жүрек ақауымен туылған. Сондықтан, білікті дәрігерлерден кеңес алуға Сарыағаш ауданынан арнайы келген. Толық тексеруден өткізген ақ халаттылар баланы тағы да жоспарлы консилиумге жіберу керек деп санайды. Ал баланың ата-анасы қанша күту керек болса да, баламызға тиісті ем шараларды толық қабылдаймыз деп отыр.

АҚМАРАЛ ҚҰЛТАС, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «5 айлық кезінде анық болды. Узи түскен кезде. Консилиум қабылдап көресіздер ау деп айтты. Сол кезде білдік қой. Осы жақта босану керек едім. Сарыағашта босандым. Реанимацияда жаттым. Әзірге бізге операция керек емес деді. Маған алдырып таста деді. Бірақ мен қалдырамын деп, босандым».

Дәрігерлердің айтуынша, туа біткен жүрек ақаулары, балалар арасындағы ең жиі кездесетін патологиялардың бірі болып табылады. Көбіне өмірдің алғашқы апталарында және айларында ешбір белгісі болмайды дейді. Ата-аналардың жеткілікті хабардар болмауы және диагностиканың біркелкі қолжетімсіздігі кеш анықтаудың негізгі себептері болып отыр екен. Қазіргі заманғы пренатальды скрининг әдістері 18–21 аптадағы жүктілікте ауыр ақаулардың 85%-ын анықтауға мүмкіндік береді.

АЙКЕРІМ ЖАНАТҚЫЗЫ, UMC ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ, БАЛАЛАР КАРДИОЛОГЫ: «Ал егер де, 21 апта алты күннен асып кететін болса біз оны жасай алмаймыз. Қаншалықты баланың өміріне қауіпті, егер де жүктілік кезінде құрсақ ішінде жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Немесе туылғанннан кейін баланың жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Сондай қауіпті порох болатын болса, плодты жасанды түсікке жібереміз. Егерде уақыттан асып кететін болса, ештеңе істей алмаймыз. Ол бала туылады. Немесе құрсақ ішінде өлі болуы мүмкін».

Мамандардың сөзіне сенсек, туа біткен жүрек ақауларының себептері көп. Мәселен, жүктілік кезінде ананың вирустық инфекциялармен ауыруы, қант диабеті,эндокриндік аурулар сонымен қатар, тұқым қуалаушылық аурулар әсер етеді екен. Бұдан бөлек, жүктілік кезіндегі дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдануда баланың өміріне кері әсер береді дейді. Қазіргі таңда өңірімізде туа бітті жүрек ақауы диагнозымен диспансерлік есепте тұрған балалар бар, олардың басым бөлігі ерте жаста, яғни 0–5 жас аралығындағы балалар.

РАУШАН ҚАЛДЫБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ШТАТТАН ТЫС КАРДИОЛОГЫ: «Қазіргі таңда Шымкент қаласында 2026 жылы 1440 бала есепте тұрады. Биылғы жылы 2026 жылдың қаңтар айында 4 балаға күрделі түрде ота жасалған болаатын. Қазіргі таңда оларды жағдайлары жақсы. Тұрақты».

Айта кетейік, статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылған 380 мыңнан астам бала тұрады. Жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа жағдай тіркеледі екен.

Нұргүл Жолымбетова