«Қаладағы тұманды пайдаланып, біреулер ауаға зиянды заттарды жіберіп жатыр». Шымкенттегі экобелсенділер осылай деп дабыл қағып отыр. Қала тұрғындары да дәл осындай пікірде. Сөздерінше, соңғы күндері шаһарды сасық иіс басқан.
Бүгінде Шымкент аспанын қалың тұман тұмшалаған. Оған қоса, қала ішін жағымсыз иіс жайлап, тұрғындардың тынысын тарылтуда. Ал жергілікті халық жағымсыз иістен терезесін аша алмай, әбден әбігерге түскендерін айтады.
ҰЛДАНА НҰРБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Азанғы уақытта иіс кәдімгідей. Автобустың иісімен қосылған кезде тіпті тұмсығымызды жауып зорға шығамыз. Ол автобустардың әсерінен ба, жоқ бізге білдірмей бірдеңе шашып жатыр ма, ол жағын анықтай алмаймыз біз».
ИНДИРА ӨСТЕМІРҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Жоғарыдан қарасаң тұман болып тұрады. Иіс бар. Таңғы азанда сезіледі, кешке сезіледі».
Бұл жағдай экобелсенділерді қатты алаңдатып отыр. Олар тіпті мұны біреулер қолдан істеп отырған болуы мүмкін деген пікір білдірді.
СЕРГЕЙ ЕФРЕМОВ, ЭКОБЕЛСЕНДІ: «Соңғы күндері тіпті тыныс ала алмай қалдық. Жағымсыз иістен мұрын қышып, көзіміз жасаурап кетеді. Мұны қалыпты жағдай деу мүмкін емес. Менің ойымша, қаладағы тұманды пайдаланып, әлдекімдер ауаға зиянды заттарды шығарып жатыр. Ал оның зардабын халық тартып отыр».
Халықтың шағымынан кейін экологтар тексеріс жүргізді. Алайда сараптама ауада қауіпті қалдықтардың жоқ екенін көрсетіпті. Мамандардың айтуынша, барлық көрсеткіш қалыпты деңгейде.
ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Иіс болуы мүмкін. Бірақ ол белгіленген шектік мөлшерден аспаған жағдай болуы мүмкін. Егер белгіленген шектік мөлшерден аспаса, ол адамның денсаулығына зиянсыз деп саналады. Бүгін де біздің департаменттің мамандары шығып, атмосфералық ауадағы зиянды заттардың қаншалықты шектік мөлшерден асып, аспағанын тексерді. Бүгінгі таңда шектік мөлшерден асу фактісі анықталған жоқ»
«Байтақ» жасылдар партиясы да бұл мәселені назарға алды. Бүгін олардың мүшелері жауаптылармен кездесіп, қаладағы ауа сапасын талқылады. Партия өкілдері мамандардың «қолы қысқа» екенін айтып, зауыттарды дер кезінде тексере алмай отырғанын жеткізді.
АЛТАЙ ОРДАБЕКОВ, «BAITAQ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ШҚФ ТӨРАҒАСЫ:
«Заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Лауазымды органдардың рөлін күшейту керек. Өйткені қоршаған ортаны сақтау мәселесі жоғары болуы керек. Ол деген жауаптылар полиция сияқты бірден кіре салатын мүмкіндік болуы керек».
Айта кету керек, өткен жылы экология департаменті 30-дан аса кәсіпорынды тексерген. Заң бұзғандарға 40 млн теңге айыппұл салынды. Сондай ақ, 8 мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. Дегенмен тұрғындар мен экобелсенділер бұл тексерістің жеткіліксіз екенін айтып отыр.
Лаура Бабас






