Úı Jańalyqtar Түркістан облысында екі су қоймасы пайдалануға беріледі

Түркістан облысында екі су қоймасы пайдалануға беріледі

Түркістан облысында биыл да су тапшылығы болуы мүмкін. Әкім аппаратының апталық мәжілісінде ағын сумен қамтамасыз ету және су үнемдеу бойынша жасалып жатқан жұмыстар талқыланды. Жиынды облыс әкімі Нұралхан Көшеров жүргізіп, басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Биыл Түркістан облысында екі су қоймасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде айтылды. Нұралхан Көшеров вегетациялық маусым басталғанға дейін тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, қоймаларға су көлемін толық жинауды тапсырды.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Вегетациялық маусым басталғанға дейін тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, су қоймаларға су көлемін толық жинауды, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, дренаждарды жөндеу жұмыстарын  уақтылы аяқтауды тапсырамын. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, бекітілген егіс құрылымы бойынша шаруалармен ағын су бөлу келісім-шарттарға тұруды тапсырамын. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандыру керек»

Жиында Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы есеп берді.
Оның айтуынша, өңірдегі суармалы жердің жалпы ауданы 575 мың гектарды құрайды. Айта кетсек, қазіргі таңда аймақтағы 42 су қоймасының шамамен 47 пайызы суға толы.

ФАЙЗУЛЛА БАЙДУЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Суармалы жерлер негізі 4 су шаруашылығы бассейндері арқылы ағын сумен қамтамасыз етіледі. Олардың негізгісі Сырдария, Арыс және келес өзендері. 2025 ж 4,6 млн ағын су лимиті бекітілсе ағымдағы жылы су көлемінің аз келу болжамына қарай 3,8 млн бекітілді»

Сонымен қатар, жауаптылар өңірде биыл да былтырғыдай су тапшылығы болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан қазір ылғал сүйгіш дақылдардың көлемін азайтып, су үнемдеу технологияларын күшейту жұмыстарын қолға алынған.

ФАЙЗУЛЛА БАЙДУЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Суармалы ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологияларын ендірудің 2030 ж дейін жоспары әзірленді. Жыл сайын 50 мың га технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 ж қарай 364 мың га алқаптан 626,8 млн куб су үнемдеу көздеп отырмыз»

Алдағы жылдары Ордабасы және Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймалары салынады. Егер бұл жобалар жүзеге асса, Бөген су қоймасына қосымша 120 млн м³ су келіп, Түркістан қаласындағы су мәселесі шешілмек.

Лаура Бабас