Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан бастамаларына шымкенттік зиялы қауым ерекше назар аударды. Бүгін олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселелерді жан-жақты талқылады. Ал қала тұрғындарын елімізде енгізілетін вице-президент қызметіне кім келетіні қызықтырып отыр.
Болашақ вице-президентті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тағайындайды. Ол халықаралық форумдар мен келіссөздерде Қазақстан атынан, ал Парламентте Президенттің атынан қатысып, мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын орындайтын болады. Қазір бұл қызметке кім келетіні қоғамды қызықтырып отыр. Осыған орай біз шымкенттіктердің пікірін сұрап көрдік. Ең қызығы, мегаполис тұрғындарының арасында бұл лауазымға қала әкімі Ғабит Сыздықбековті лайық көретіндер де бар екен.
«Біздің әкім болатын шығар. Әкім Астанаға кетеді деп жатыр ғой. Ауысады деп жатыр ғой, кетпей ак қойғаны дұрыс еді жалпы. Шымкентті әжептеуір көркейтіп тастады ғой».
«Олжас Бектенов келеді деп ойлаймын»
«Президент тағайындаған адам болады да енді».
«Білмеймін мен, айта алмаймын. Көрмедім мен оны».
Енді Қазақстанда «Мемлекеттік кеңесші» лауазымы болмайды. Оның орнына «вице-президент» қызметі енгізіледі. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен құрылтайда мәлімдеді.
Бүгін Шымкентте Ұлттық құрылтай отырысы бойынша бірлескен Алқа мәжілісі өтті. Жиында Мемлекет басшысы көтерген бастамалар мен ел дамуының басым бағыттары талқыланды. Әсіресе, әлеуметтік әділдік, ұлттық бірегейлік, жастар тәрбиесі және қоғамдық келісім мәселелері басты назарда болды. Ал қала әкімінің орынбасары бұл тапсырмаларды өңірде іске асырудың маңызын атап өтті.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазақ мықты болсын десек — Шымкенттің қазағы мықты болуы керек. Қазақстан мықты болсын десек — Шымкент мықты болу керек деп. Мен соны осы біздің еңбек етіп жүрген азаматтарымызға арнағым келеді. Егер шынымен ақ біздің қызметкерлеріміз отырған орнында жәй мен патриотпын, отанымды сүйемін демей, бірінші кезекте мойнындағы қызметтерін дұрыс атқаратын болсақ, Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болмақшы».
Басқосуда тіл саясатын ілгерілетуге атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Жазушылар одағының мүшесі Қабыл Дүйсенбиге қала әкімі аппаратының атынан «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі» үшін төсбелгісі табысталды.
Сондай ақ, жиында Қоғамдық кеңес пен Ардагерлер кеңесінің өкілдері де пікір білдірді. Олар Президенттің құрылтайда айтқан негізгі мәселелеріне назар аударып, ел дамуына бағытталған әрбір бастаманы қолдайтындарын жеткізді. Зиялы қауым өкілдері бұл өзгерістерді Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатқан оң қадамдар деп атап өтті.
Лаура Бабас




