Болашақта құрылатын бірпалаталы парламент «Мәжіліс» емес, «Құрылтай» деп аталады. Сонымен қатар, елімізде вице-президент лауазымы пайда болады. Ал бүгінгі Қызылордадағы Ұлттық құрылтай бесінші әрі соңғы отырысын өткізіп отыр. Бұдан былай ол «Халық кеңесі» деп аталып, оған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық және конфессияаралық қызметі қоса беріледі.
Алқалы жиында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде болатын алдағы іргелі саяси өзгерістер жайында хабардар етті. Сыр өңіріндегі құрылтайдың маңызды жаңалықтары туралы елордалық тілшіміз айтып береді.
Ұлттық құрылтайда сөзін «Сыр елі – жыр елінен» бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев әдеттегідей алдымен сан-саланы қамтыды. Цифрландыру, энергетика, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы олқылықтарды тізе келе сөз райын іргелі саяси реформаларға ойыстырды. Алдымен болашақ парламенттің атауына қатысты «Құрылтай» атауына тоқтауды ұсынады. Өйткені, оның тарихи аясы да, мағынасы да халыққа түсінікті әрі жақын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: «Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын. Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек».
Жаңа парламенттің құзыры да арта түспек. Мәселен, Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру тек парламент келісімімен жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, Жоғарғы соттың барлық судьясын Президенттің ұсынуымен тек парламент сайлайды. Ал Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады.
Парламенттен бөлек және бір жаңалық Вице-президент институтын құруға қатысты. Оны президент парламент келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайды. Ал немен айналысатынын мемлекет басшысының өзі айқындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: «Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық форумдарда және шетел мемлекеттерінің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде ел мүддесін білдіреді, парламентте президенттің мүддесін таныстырады. Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Сондай-ақ, Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды».
«Құрылтай» атауын жаңа парламент иеленіп кеткенімен, қазіргі Құрылтай жойылып кетеді деген сөз емес. Ол жалпыұлттық диалог алаңы ретінде жаңа атаумен өз қызметін одан әрі жалғастыра береді. Онда елдің бірлігі мен ынтымағы мәселелері де қамтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: «Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай тарихи тұрғыдан маңызды миссияларын сәтті аяқтады деп санауға болады. Жаңа институт ретінде «Қазақстанның Халық Кеңесін» құруды ұсынамын. Жаңа органның қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын сақтауды айрықша маңызды деп санаймын».
Сонымен қатар, Ата заңға қатысты да өзгерістер болмақ. Жалпы, бастапқыда парламенттік реформа аясында 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп болып шыққан.
Айта кетейік, 2022 жылғы реформада Конституцияның 33 бабы жаңарған еді. Бұл жолы одан да ауқымды болғалы тұр. Тіпті, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар. Сондықтан президент Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдаған. Арнайы Жарлыққа ертең қол қояды.
Ербол Тұрымбет



