Шымкентте жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын халыққа түсіндіру мақсатында жиын өтті. Іс-шараға аудан басшылығы мен қалалық мәслихат төрағасы қатысып, саяси жаңғыру үдерістері жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, жергілікті деңгейде қолға алынған жобалар таныстырылып, тұрғындар көкейіндегі сауалдарын қойды.
Жаңа Ата заң жобасындағы ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – тіл мәселесі. Бұл жөнінде қоғам пікірі әртүрлі болғанымен, конституциялық комиссия құрамында болған Бахадыр Нарымбетов алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, жаңа құжатта Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені нақты әрі айқын көрсетілген.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Қазақ тілін, қазақ жерін сүйетіндердің көп екенін біле тұра, әдейі осы мәселені қайта-қайта ушықтырудың біп пиғылы бар сияқты. Біріншіден мемлекеттік тіл туралы бапта, конституция да анық жазылған. “ҚР мемлекеттік тіл — қазақ тілі”. Нүкте. Болды. Басқа ештеңе жоқ. Екінші бап, үшінші бап оның барлығы оны анықтауыштар ғой»
Осы және өзге де конституциялық өзгерістер бүгін Әл-Фараби ауданы тұрғындарына кеңінен түсіндірілді. Кездесу барысында жергілікті халық жаңашылдықтарды қолдайтынын білдірді. Дегенмен тіл мәселесіне қатысты өз пікірлерін ашық айтты.
ЗЕЙНЕП ЖАМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Қазақстан көпұлтты мемлекет қой. Негізі өзіміздің қазақ тілін білу керек бәрі. Басқа ұлттарды да қолдаймын. Осы жерде туылып өскен олар мен қолдаймын жаңадан қосылып жатқан заңдарды»
Жиын барысында Конституция – елдің төлқұжаты, мемлекет болмысын танытатын айна екені ерекше айтылды. Әлем елдері Қазақстанға осы құжат арқылы баға береді. Сондықтан ондағы әрбір сөз – жауапкершілік. Осы ретте қала басшылығы тұрғындарды 15 наурызда өтетін референдумда азаматтық белсенділік танытуға шақырды.
Лаура Бабас






