Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысында көлік қозғалысы 4 айға жартылай шектеледі. Себебі жолайырық құрылысы басталады. Бұған әркім әртүрлі пікір білдіріп жатыр.
Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінде құрылыс жұмыстары басталады. Сәйкесінше айтулы көшелердегі қиылыста көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті. Әкімдіктің хабарлауынша, бұл Бәйдібек би даңғылындағы жолайырық құрылысына байланысты қабылданған шешім. Көлік қозғалысын шектеу жол қауіпсіздігі мен құрылыс сапасына әсер етеді.
«Даңғылдың Қ.Төлеметов көшесінің қиылысынан Ақберен көшесіне дейінгі аралығы – 2 айға, Қ.Төлеметов көшесінің қиылысынан Қызыл қайың көшесіне дейінгі аралығы – 2 айға бір жақты шектеледі»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
Жолдың жабылуы 2 ақпаннан басталады дегенмен қазірге ашық тұр. Жалпы шектеу 4 айға созылады. Әкімдік тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытуға шақырды. Және жолдың жабылғанын ескеріп, бағыттарды алдын ала жоспарлауды ұсынды. Десе де жолдың жабылуына қатысты әлеуметтік желіде әртүрлі пікір жазылып жатыр. Пікірлердің басым бөлігі, онсыз да көлік кептелісі көп аумақтағы жолды жабу үшін өзге жолдарды реттеп алу керек еді дейді.
«Қалаға кіру үшін де, қаладан шығу үшін де кептелісте тұрады екенбіз ғой. Қ. Қазиев көшесінің жағдайы анау: быт-шыт лай. Мына жақта Ы. Алтынсарин көшесі: жолдың миы шығып жатыр. Жоспарлы жұмыс болмаса осы ғой»
«Алтынсарин көшесін ашпай, калай жабасыздар? Ұшып өтеміз бе?»
«Бәйтереков көшесі, Назарбаев даңғылы мен М. Шохай көшесі, № 72 мектеп жақ қайнайды екен ғой. №66, №66 «а», №75, №17, №150, №171, №171 «а» бағытындағы автобус қалай жүреді?»
Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысына жолайрық салу туралы ақпарат 2025 жылдың соңында шыққан. Оған бюджеттен 9,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Тапсырысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген.
Әкімдік жолайырық қала аумағындағы көлік қозғалысын реттеу, жол көлігі инфрақұрылымын жақсарту және кептелісті азайту мақсатында салынып жатқанын хабарлаған еді.
Дилара Иса






